Ақын Жәркен Бөдешұлының 70 жылдығы өтті (видео/аудио/фото)

Кеше, яғни мамырдың 19-ы күні Қазақстан Жазушылар одағының әдебиетшілер үйінде белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жәркен Бөдешұлының «Арғы жаққа – асумын, бергі жаққа – белеспін» деген атпен 70 жылдық мерейтойы аталып өтілді.

Әдеби-мәдени кеш ақынның 70 жасқа толуына орай Қазақстан Жазушылар одағының және жекелеген азаматтардың қолдауымен өтіп отыр. Кеш шымылдығын Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай ашты. Ғ.Жайлыбай Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ұлының құттықтау хатын оқып, ақынның иығына шапан жапты. Кеш тізгінін «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп ұстады. Ж.Бөдешұлы туралы «Отаншыл рухтың ақыны» деген тақырыппен көлемді баяндама жасаған ақын Несіпбек Айтұлы: «Жәркен жырауды мен осыдан қырық жыл бұрын Сәлімғазы Әбеев деген ақыннан естідім», – деп бастап, Бөдешұлының өмірі, өлеңге келуі, поэзиясы жайлы мол мағұлмат берді.

Жәркен Бөдешұлы көп жылдар бойы қызмет атқарған Дүниежүзі Қазақтарының Қауымдастығы атынан жазушы Сұлтанәлі Балғабаев ақынға тон кигізіп, құттықтау сөзін сөйледі.

«Қазақ әдебиетінде, поэзиясына өз тақырыбын ала келген Қасым, Мұқағали сынды ақындардың қатарында осы Жәркен де тұрады», – деп сөз кезегін алған мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов ақынды мерейтойымен құттықтай келе оның нағыз қазақы, болмысы таза ақын екенін айтты.

Кеш барысында ақынның поэзиясы жайлы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Темірхан Медетбек сөз сөйлеп Жәркен өлеңі жайлы сыр шертсе, ақын Ұлықбек Есдәулет ағасына жыр арнады.

Ақынға «Жас-ай» медициналық орталығының директоры Жасай Зекейұлы темір тұлпардың кілтін табыстады.

Ақынның соңынан ерген жас буын Бөдешұлының поэзиясын оқып, отырған жұрттың ықыласына бөленді. Әуелетіп ән салынды, күмбірлетіп күй шертілді, осылайша Алматы аспаны мамырдың мамыражай күнінде көркем өлеңнің һас шебері – Жәркен жырауды жетпістің белесіне шығарды.

Жәркен Бөдешұлының сөзіне жазылған Думан Қизатұлының "Ауыл сағынышы" әні, орындаған "Дос" тобы:

"Туған жер - Атамекен" - сөзі Жәркен Бөдешұлы, әні Қизат Сейтқазиндікі, орындаған Ахметжан Рабжанұлы

 

Кеш барысынан суреттер:

Автор: Мейіржан Әуелханұлы

Суреттер мен видеоны түсірген автор