12 мамырда Ғашықтар саябағында ағаштарды отырғызу бойынша экологиялық акция өтеді. Кейіннен бұл аллеяға қоғамдық және саяси қайраткер, Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлық иегері Әбіш Кекілбаевтің есімі берілетін болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі. Экологиялық науқанға Ә. Кекілбаевтің жұбайы Клара Жұмабаева, жазушының туған-туысқандары мен Кекілбаевтар жанұясының дос-жарандары, өскелең ұрпақтың өкілдері қатысады. Сонымен қатар, өз ағаштарын аллеяда Есіл ауданының әкімі Төлеген Закарьянов пен елорданың зиялы қауым өкілдері отырғызады деп күтілуде. Осылайша, Астана Опера опера және балет театрына қарама қарсы учаскеде қарағай, сібір шыршасы, қызыл шетен, ұсақ жапырақты шегіршін сияқты ағаштардың 250-ге тарта көшетін отырғызу жоспарланған.