Биыл Қазақстан атынан Нобель сыйлығына Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов ұсынылды. Бұл туралы Қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллин мәлімдесіне сілтемей жасай отырып, inform.kz сайты хабарлады.
Қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллиннің айтуынша, атақты жазушы өткен жылы да осы сыйлыққа ұсынылған. "Өткен жылы Әбдіжәміл аға тіпті Нобель комитетінің 5 адамдық қысқа тізіміне ілінді! Биыл да Қазақ ПЕН-клубы Әбдіжәміл ағаны ұсынып отыр. Негізі Қазақстанның атынан Нобель сыйлығына ақын-жазушыларды ұсыну бойынша тек әдебиет институты мен Қазақ ПЕН-клубының ғана құқығы бар" - дейді Бигелді Ғабдуллин.
Сонымен қатар, Қазақ ПЕН-клубының президенті бүгінгі таңда қазақтың классик жазушыларының туындыларын ағылшын тіліне аудару жұмыстары жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
«Бұған дейін Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы аударылған болатын. Ол батыс елдері оқырмандары арасында өте жақсы қабылданды. Қазір түрлі елдерден Нобель комитетіне мыңдаған ұсыныс хаттар жолдануда. Сондай-ақ қазір Әбіш Кекілбаевтың шығармалары аударылып жатыр. Бұдан кейін Мұқағали Мақатаевтың, Смағұл Елубайдың шығармалары аударылады» - деді Б. Ғабдуллин.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: altaynews.kz