«Абай мұражайының кітапханасы» сериясымен «Абай туралы естеліктер» жинағы тағы да жарық көрді.
Абай өмір сүрген ортада күн кешкен, ақынмен аралас-құралас болған, көзін көрген адамдардың естеліктері – ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын, адамдық тұлғасын зерттеуде мол ақпарат береді.
1940 жылы Семей қаласында Абай мұражайын ашу туралы арнайы қаулы шыққаннан бастап, ұлы ақынға қатысы бар экспонаттарды жинау жұмысы басталды. Заттық жәдігерлермен қатар, сол кезде көзі тірі Абайдың замандастары, ұрпақтарынан бар білген естеліктерді, шығармаларды жинау жұмысын сонау қырқыншы жылдары Абайдың немере інісі Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов бастаған болатын. Оның ел аузынан жинаған естеліктері мен қолжазбалары бір төбе болса, өзінің естеліктері де қазіргі күнде құнды жәдігерлер қатарында.
Естеліктерде Абайдың бойындағы ақындық өнері мен машықтары, мінез-құлық ерекшеліктері, өз ортасымен қарым-қатынастары қызықты түрде баяндалады.
Жинаққа Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының қолжазбалар қорында сақталған Әрхам Кәкітайұлының, Турағұл Абайұлының, Көкбай Жанатайұлының, Қасен Құсайыновтың, Мүсірәлі ақсақалдың, Дәулетияр, Стамбектің, Ниязбек Алдажаровтың, Ахат Шәкәрімұлының естеліктері топтастырылған.
Жолдаған: Мейрамгүл Қайрамбаева
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: Абай мұражайы, liter.kz