- Негізгі бет
- Жаңалық
- Абай шығармашылығын зерттеушілер...
Абай шығармашылығын зерттеушілер
Абай әлемі – мәңгілік мұра, қымбат қазыналар қатарына жататындықтан, ғасырдан астам уақыт бойы сөз етіліп, әр алуан бағытта зерттеулер жүйесіне айналып келеді. Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеу шын мәнінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы мақалаларынан басталды. Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы "Қазақ" газетінде басылған "Абай – қазақтың бас ақыны" атты мақаласында "Одан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ" - деп Абайды аса жоғары бағалады.
Абайдың алғашқы жинағы 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған. Абай өлеңдерінің жинағында ақынның жүз қырықтай өлеңі (аударма өлеңдерін қосып санағанда) мен "Ескендір", "Масғұт" поэмалары басылғаны, яғни осы күнгі белгілі поэзиялық шығармалары түгел қамтылды.
Һәкім Абайдың алғашқы жинағын Кәкітай Ысқақұлы мен ұлы Тұрағыл баспаға дайындады. Ал 1933 жылы Абай шығармаларын Мұхтар Әуезов баспаға дайындаған. Мұхтар Әуезов Абай шығармашылығы туралы "Абайдың туысы мен өмірі" атты көлемді мақала мен сол томда ақын өлеңдеріне қосымша ретінде берілген түсінік кейін көлемді монографиялық зерттеуге ұласты. 1934 жылы Ілияс Жансүгіров, Ахмет Жұбанов секілді әдебиет және ғылым қайраткерлері Абай шығармалары жөнінде көлемді мақалалар жазды.
1933–57 жылдар аралығында ақын шығармаларын жариялауда, олардың ғылыми басылымын жасауда ғалымдар орасан зор еңбек етті. Әсіресе, 1957 жылы "Ғылым" баспасынан жарық көрген, Әуезовтің басшылығымен және тікелей қатысуымен дайындалған Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы Абайтану ғылымындағы елеулі табыс болды. Әуезов ұзақ жылдар бойы ізденіп, сан алуан деректерді зерттеп, жүйеге түсіріп, Абайдың ғылыми өмірбаянын жазып шықты.
Сонымен қатар М.Әуезов айқындап берген абайтанудың сегіз түрі тақырыптық зерттеу аясында құнды еңбектер жарық көрді. Мәселен, Абай өмірбаянына қатысты Б.Байғалиевтің "Абай өмірі – мұрағат деректерінде" монографиясы, Абайдың Шығысқа қатысы жайлы М.Мырзахметұлының "Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары" монографиясы, "Абай және Шығыс монографиясы", Қ.Салғариннің "Тереңге тартқан тамырлар" зерттеуі, С.Оразалиевтің "Абай және Дауани", Ғ.Есимовтің "Хакім Абай", А.Машановтың "Әл Фараби және Абай", Ж.Ысмағұловтың "Абайдың ақындық тағылымы", М.Бекбосыновтың "Абайдың библиографиялық көрсеткіштері" (1965, 1988, 1995), М.Әліпханның "Қазақ әдебиетіндегі адамгершілік ілімі" т.б. зерттеушілердің зерттеулері жазылды.
Тәуелсіздің жылдарындағы Абай мұраларын зерттеп жүрген ғалымдар арасынан Тұрсын Жұртбай, Таласбек Әсемқұлов, Тұрсынжан Шапайларды ерекше атап өту керек. Абайды тану мәселесі ұлтымыздың рухани өміріндегі толастамайтын мәдени саясттың мүддесі және күре тамырлы бағыты болғандықтан да Тұрсын Жұртбайдың "Күйесің, жүрек... сүйесің" кітабының маңызы зор. Ғалым аталған кітабында: "Абай шындық үшін ешкімді де аямайтын өте қатал сыншы. Тәңірім ондай азаптың бетін аулақ қылсын сізден. Тек іздегеніңізді таппасаңыз, мұратыңызға жетпесеңіз, жалғаннан жалықсаңыз, мәңгіліктің де, бақилықтың да баянсыздығына көзіңіз жетіп, көңіліңіз сенсе ғана іштегі шеріңіз еріп, ойыңызға өт құйылса ғана Абайдың "іші толған у мен дерт" жан дүниесін түсіну сапарына аттаныңыз. Ол Сіздің өзіңіздің таным сапарыңыз болады. Абай арқылы өзіңізді танысаңыз – мұратқа жеткеніңіз”, - дейді.
Ал Таласбек Әсемқұлов "Абайдың ұлы жұмбағы" атты мақаласына Абайдың "Сен мені не етесің?" атты ғашықтық өлеңінің мағынасын мүлде жаңаша талдайды: "Ақын осы өлеңінде шылыққа толы ескі, мәжуси дүниемен қоштасты, жаңа заманға, жаңа низам, жаңа хұқыққа аяқ басты. Әрине, патриархалдық қоғамның Абай айтқан қағидаларды қабылдауы қиын еді. Абай әйел бостандығын алғаш сөз еткен ақындардың бірі деседі. Олай емес. Абай әйел бостандығы, еркек бостандығы деп жеке-жеке атамаған. Ол бір ғана бостандықты – адам бостандығын жырлаған", – дейді.
Немесе "Аюп һәм Абай" сын мақаласында біз Абайдың "Жарқ етпес қара көңілім не қылса да" деп басталатын өлеңін Ділдәға арналған деп жүрсек, Таласбек Әсемқұлов оны "кемеңгер ақын мен тәңірінің арасындағы диалог" деп өлеңнің басқа қырынан келеді:
"Жарқ етпес қара көңiлiм не қылса да,
Аспанда ай мен күн шағылса да", – деген алғашқы екi жолдан танисыз. Ай менен күннiң шағылысуы – Абайдың өзiнiң айы мен күнiнiң шағылысуы, жеке басының кешкен Махшар күнi… "Жарқ етпесте…" Абай өзiнiң тағдырымен, және сол тағдыры арқылы Жаратқан Иемен трагедиялық диалогқа түседi. ...Абай бостандықты, өз бостандығын жете таныған. Мiне, осы биiкке жеткен ақын: – Дүниеде, сiрә, сендей маған жар жоқ, – Саған жар менен артық табылса да, – дейдi. Келесi шумақта бiз қайғының одан ары көтерiлгенiн, мұхиттай толқып ақынның iшкi дүниесiн кернегенiн көремiз. – Сорлы асық сарғайса да, сағынса да, Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да, Шыдайды риза болып жар iсiне, Қорлық пен мазағына табынса да. Өзiн бұрынғы өткен пайғамбарлардың тағдырына телiген, содан соң сабасына түскен қажырлы көңiл. Қасiрет – кемеңгерлердiң ұстазы. Шын кемеңгер, несiбенiң, адам ақылы жетпес, болжаусыз тылсымнан келетiнiн түйсiнедi. Түйсiнедi де тәубасын табады" ("Аюп һәм Абай" мақаласынан үзінді).
Ал белгілі сыншы Тұрсынжан Шапай ұлы Абайдың шығармашылыққа не үшін кеш келгенін былай түсіндіреді: Абай қырықта болатын… Шығармашылықта "ерте ашылатын, кеш ашылатын индивидуумдар болады" дейді XX ғасырдың ұлы ақындарының бірі, әйгілі әдебиет теоретигі, сыншысы Т. С. Элиот. Жалпы, ол кісі айтпаса да белгілі жай. Сирек те болса, кездесетін шындық. Уитмен отыз жетісінде "кенет" ұлы ақын болып оянады. Шығармалары сопылық поэзияның шыңы болып есептелетін Жалаладдин Румидің қалғып жатқан ұлы дарыны қырықтан аса бере дүр сілкінеді... Абай ақындық өнерге мән бермей немесе "дайындықпен" жүріп қалды дегенге сенбеймін. Рас, пісіп-жетілу деген де бар шығар, бірақ, анығында, табиғи гений, кезі келгенше, күні туғанша көзін таппай тұмса жататын құпия қуатқа ұқсайды. Бұйрықты күні өзі ашылады, я бір түрткі оятады. Қырықтағы Абайдың Өлеңге келуі – өзінің құдіретті тегеурінінен қаперсіз, тынық жатқан телегейдің оқыс теңселіп кеткеніндей, қорданың астында бұғып жатып қоздаған шоқтың алапты айқара лап қойған алапат өртіндей орасан құбылыс... Ғажайып таулар, керемет көлдер – бір кездері жер бетінде болған ұлы апаттардың салдары. Гений де сондай бір pyx сілкінісі. Қазақ санасынын жана рельефін жасаған Абайдың шығармашылық қажыры да осы бейнелі" (Тұрсынжан Шапай "Кемеңгер").
Т. Раушанұлы