Соллаль - Корей халқының жаңа жылы
Корей халқы Жаңа жылды бір жылда екі рет қарсы алады. Бірі әдеттегі григориан күнтізбесі бойынша, екіншісі ай күнтізбесі бойынша атап өтіледі.
Ай күнтізбесі бойынша қарсы алатын Жаңа жылды Соллаль деп атайды. Оны қаңтар айының аяғында не ақпан айының басында тойлайды. Жаңа Жыл корей халқы үшін көктем мерекесі, яғни жаңару мен гүлдену уақыты болып саналады. Соллаль мерекесінде орындалатын барлық ырымдар мен дәстүрлер келер жылы мол астыққа кенелумен байланысты.
Корей әулетінде жаңажылдық рәсімдер өткен ата-баба аруағына арнап, құрбандық шалудан басталады. Еңбектеген кішкентай балалардан бастап, еңкейген қарттарға дейін ұлттық киім ханбокты киіп, жайылған дастархан басында қайтқан соңғы төртінші ұрпақты еске салады. Дастарханға тағамдар мен сусындар төрт құбыланы ескере отырып қойылады. Кей кезде тағам орны оның түсіне байланысты қойылады. Мысалы, қызыл түсті тағамдар шығыс жақтан, ал ақ тағамдар батыс жақтан орын табады. Кейде тағамның ауыз тию ретіне байланысты болады. Мысалы, алдымен күріштен пісірілген тамақ қойылып, кейін оның орнын тәтті тағамдар басады. Кейін хош иісті заттар шегіліп, қайтқан кісілерге екі рет иіліп, оларды тамаққа шақырады. Алдымен жасы бойынша үйдің үлкені иіліп, кейін кезекпен кішілер иіле бастайды. Ата-баба тамақтан ауыз тиді деген кезде ғана ас қайырады.
Арғы ата-бабаны құрметтеген соң, олар үлкен кісілерді құрметтеуге көшеді. Жанұяның кішкентай мүшелері алдымен ата-әжесіне, кейін ата-анасына, содан кейін аға-жеңгелері мен әпке-жезделеріне иіледі. Иілу кезінде олар үлкендерге арнап, жақсы тілектер айтады. Ал үлкендер болса, басын иген жанға риза болып, оған тәтті тоқаштар немесе тиын-тебен береді (берілетін ақша мөлшері жанұяның тұрмыстық әл-ауқатына байланысты болады). Бұл рәсім «сэбэ» деп аталады. Сэбэ рәсімін барлығы орындауға міндетті. Сондықтан да өз үйінен шалғайда жүрген жандар Соллаль мерекесінде ата-анасына келіп, құрметін көрсетеді. Жаңа Жылдың алғашқы үш күні Корей мемлекетінде ресми демалыс болып жарияланған.
Сэбэ рәсімінен кейін дәстүр бойынша барлығы жаңажылдық асқа жиналады. Дастарханға сиыр етін пісіріп, күріш шелпектері немесе жасыл жуамен араласқан кеспе қосылған тток-гук сорпасын қояды. Наным бойынша, сорпаны ішіп болған соң, адам баласы бір жасқа есейеді. Жаңа жылдың алғашқы күні барлық адамзаттың туған күні болып саналады. Тіпті, бұл күні дүниеге келген кез-келген сәбидің жасы бірден екіге толады. Анасының құрсағында жатқан кезеңді корейліктер бір жас деп есептейді.
Бұл күні тағамдардан дәм татып, көңіл көтереді. Корей халқы «Жаңа жылдың алғашқы күні қалай өтсе, келер жылдың әрбір күні дәл солай өтеді» деген ырымға сенеді. Соллель мерекесінде аспанға әуе жыландарын жіберіп, ойындар ойнап, ырғақты музыканың сүйемелдеуімен ұлттық билер билейді. Бұрындары ауылдарда тәтті тамақтар жеу немесе жаңғақ тістеп шағудан жарыс өткізілген.
Келер жыл жақсылықтар мен қуаныштарға толы болсын деген ниетпен үйді тауық не жолбарыс бейнесімен безендіреді. Тауық суреті құт-береке әкелсе, жолбарыс жын-періден қорғайды деп сенеді.
Ертеде Жаңа жыл жаңа ай туғаннан бастап, толған айға дейін 15 күнге созылатын. Бұл күнде екі апта демалыс берілмейді. Алайда соңғы күнге корей халқы ерекше мән береді. Олардың сенімі бойынша, сиқырлы күші бар толған айды бірінші көрген жан бақытты болады. Толған айды көру үшін барлығы аспанға қарай жақындап, биікке көтеріледі. Сондай-ақ, іште жатқан арман-мақсаттары туралы айтып, тілектердің орындалуын толған айдан сұрайды.
Толған айдың сыртқы келбеті келер жылды сипаттайды. Толған ай ақ болса, келер жыл жауындарға толы болады, қызыл болса, құрғақшылық болады, жарық болса, молшылық болады, күңгірт болса, келер жыл қысырға толы болады деп болжаған.
Ай күнтізбесі бойынша тойланатын Жаңа Жыл ұлттық мейрам мәртебесін 1989 жылы иеленді.
Суреттер ғаламтор беттерінен алынған
Ғ. Ұзақ