Жапон елі Жаңа жыл мерекесін жылына екі мәрте тойлайды. Бірі Еуропа күнтізбесі бойынша, бірі ай күнтізбесі бойынша атап өтіледі.
Жапон нәзік жандылары бұл күні әдемі болып киінеді. Арнайы жібек матадан кимоно тіктіреді. Киім түсі қызғылт, ақ, қызыл, көк және күңгірт болады, ал кимоно етегін әдемі оюмен өрнектейді. Орта жастағы әйелдердің кимоносы қоңыр, қою көк, күңгірт, сарғылт түсті болып келеді.
Ескі жылдың соңғы күндері шаруаларға толы болады. Мерекеге дайындықтар жүргізіліп, барлығы ескі қарыздарын өтеуге асығады. Жапондықтардың нанымы бойынша, ескі жылы алған қарыздан құтылмай, жаңа жылға қадам басу дұрыс емес. Бұл – жаман ырым.
Мерекелік дастарханға ұлттық тағамдар қойылады. Мысалы, Моти – әр түрлі көлемдегі дөңгелек таба нан. Мотиді күріштің жабысқақ түрінен әзірлейді. Гандзицу О-сэти рёри – сан-га-нити күндері арнайы пісірілетін тағам. О-дзони – керамикалық немесе фарфор шыныда ұсынылатын ыстық сорпа. О-дзони сорпасын Жапонияның әр аймағы әр түрлі жасайды. Жаңа жыл мерекесінде тәтті саке шырыны молынан ішіледі.
Жаңа жылды отбасы мүшелерімен, туған-туыстардың ортасында қарсы алу керек. Дастархан басына жайғаспас бұрын, отбасы мүшелері өткен ата-бабаларын еске түсіріп, олардың рухына тағзым жасайды. Содан кейін жиналған қауым бір-біріне игі тілектер білдіріп, бір-бірін қошеметтейді. Жаңа жыл түнінде көз ілмеу керек. Тіпті «ұйықтайық» деген сөз астарлап айтылады. Жаңа жылдың алғашқы үш күнін сан-га-нити деп атайды.
Суреттер ғаламтор беттерінен алынған