Әлемнің алып елдеріндегі Жаңа Жыл мерекесі: Англия

Жаңа Жыл мерекесінде балаларға арналған көне ертегілер желісімен сахналық көріністер қойылады.  Ретсіз Лорд бастаған Хобби Хорс, Март қояны, Шалтай-Балтай, Панч сияқты ертегі кейіпкерлері көңілді шеру өткізеді. Жаңа Жыл түнінде көше саудагерлері базарлықтар, ойыншықтар, бетперделер, ысқырғыштар, әуе шарларын сатады.

Жаңа Жылда құттықтау ашық хаттарын сыйға тарту дәстүрі осы Англиядан бастау алған. Алғашқы жаңа жылдық ашық хат 1843 жылы жарық көрді.

Ұйықтар алдында кішкентай балақайлар төсектің қасына Санта Клаус әкелетін сыйлықтарға арналған тәрелке, жанына аяқ киім қойып, оның ішіне есекке арнап жем салады.


Жаңа Жылдың келгенін қоңырау үні хабарлайды. Алайда оның үні ақырындап ертерек беріле бастайды. Сағат тілі 00:00 болғанда Жаңа жылдың құрметіне қоңырау үні қатты сыңғырлайды. Бұл сәтте келер жылы айырылғысы келмейтін ғашық жандар сиқырлы ағаш болып саналатын омела бұтағының астында тұрып, бір-бірімен сүйісу керек.

Жаңа жылдық дастарханға қуырылған картоп пен талшын ағашының жемісі (каштан) қосылған тұздықталған күркетауық еті, бұқтырылған брюссель орамжапырақтары мен етті бәліш, пудинг, тәтті тоқаштар мен жеміс-жидектер қойылады.

Британ аралдарында «Жаңа жылды кіргізу» салты бар. Жаңа жыл уақыты келгенде үйдің артқы есігін ашып, ескі жылды шығарып салады. Ал қоңырау үнінің соңғы сәттерінде алдыңғы есікті ашып, Жаңа жылды үйге кіргізеді. Бұл салт жаңа өмірге қадам басудың нышаны болып табылады.


Ұлыбританияда сыйлық алу үшін алдын ала Рождество атасына (Father Christmas) тапсырыс береді. Оған керекті дүниелердің тізімі бар үлкен хат жазылып, оны тік мұржалы пешке лақтырады. Наным бойынша, мұржадан шыққан түтін арқылы хат жеткізіледі.

Англия азаматтары бір -біріне сыйлайтын сый-кәделердің бағасының бірдей болуына аса мән береді. Жанұя ішінде сый тарту рәсімі ескі салт бойынша жеребе тастау арқылы жүргізіледі.