2012 жылды қандай киімде қарсы алу қажет?
Жаңажылдық кешке қара мен сары (алтын түстес) түсті киімдерді таңдаған дұрыс. Сонымен қатар, алқызыл түс те сәтті шешім болмақ. Бірақ, бұл сіз үшін тым ашық болса, қара түсті киім қосыңыз.
Ал киім үлгісіне келер болсақ, батыл шешімдерден қорықпаңыз. Мысалы, жаңа жылды су перісінің мүсініндей үлгіде тігілген көйлекте қарсылау - тамаша идея. Ол көйлекті ірі пайеткалармен безендірсеңіз, дәл айдаһардың қабыршағындай болып шыға келеді. Сонымен қатар, кең жеңді көйлектер де әдемі көрінеді.
Бұл кеште міндетті түрде қымбат әшекей тағу керек. Айтып өтейік, пластмасса мен арзан жылтырақтан алыс болыңыз! Биыл жылан пішініндегі әшекейлер сәнді көрінеді.
Аяқ киіміңіздің жылтыр болғаны дұрыс. Күміс не алтын түстес туфлимен сіз кештің ханшайымы боласыз. Ал егер сіздің киіміңізде жылтыр онсыз да жеткілікті болса, туфлиіңіз басқа бір түсте, дегенмен лакталған болғаны жақсы.
Жаңажылдық кештің көңілді өтуі
31-і күні көгілдір сандық алдында түрлі салат жеп, концерт қарап отыру - жаңа жыл емес. Бұл кеш көңілді, әндер ырғақты, ойындар қызықты болу керек.
"Барлығымен бірдей" жалықтырған бағдарламаны өзгертіп, әр жаңа жылды ерекше тойлау өз қолыңызда. Егер өмір бойы есте қаларлықтай қарсы алғыңыз келсе, жаңа жылда тіпті басқа елге саяхатқа кетіп қалуға болады.
Жаңажылдық дастархан мәзіріне не кіреді?
Көптеген ет түрлерінен жасалған тағамдар. Алайда жартылай фабрикаттар мен консервілерді алып жүрмеңіз. Барлық тағам жаңа еттен жасалу керек. Балық пен теңіз өнімдерін ұмытып кетпеңіз. Гарнирдің кез келгенін дайындасаңыз болады. Негізгі шарт - барлығы ерекше безендірілген, әдемі болып, дастархан сәнін келтіріп тұруы тиіс. Және, үстеліңізде жоқ дегенде, бір тағам асқабақтан жасалсын.
Үстел безендіргенде, міндетті түрде сары түсті қосыңыз. Ол дастархан, ыдыс, тым болмаса, майлық түсі болуы мүмкін. Бірнеше жерге әдемі бақалшық қоюға да болады.
Жаңа жылды отбасымен қарсы алу
Сонымен, бұл жаңа жылды ерекше қарсылауға бел бусаңыз, алдын ала дайындалу қажет. Біріншіден, жаңа жылдың басты белгісі шыршадан бастаңыз. Бірнеше жылдан бері қолданып келе жатқан шаң басқан ойыншықтарды биыл шкафтан шығармай-ақ қойсаңыз болады. Одан да өз қолыңызбен жасаңыз.
Ашық орамадағы тәттілер, түрлі-түсті қағаздағы жаңғақтар, бисер мен лентадан жасалған әдемі бұйымдар. Қиялыңызға келгенін жасай беріңіз. Мұндай сауықты әсіресе балалар өте жақсы көреді.
Үй ішіндегі көңілді жаңа жыл
Енді жаңа жыл бағдарламасын ойлап қою қажет. Ол белгілі бір тақырып аясында болғаны дұрыс.
Мысалы, теңіз қарақшылары не ертегі кейіпкерлері тақырыбы тек арнайы киімді қажет етеді. Бұған көп қаражат та шығармайсыз: костюмді қолдан тігу қиынға соқпайды. Кеш барысында тақырып бойынша кішігірім қойылым, не сүйікті мультфильміңізден үзінді көрсетуге болады.
Егер карнавалды костюм кигіңіз келмесе, пәтеріңізге шар немесе түрлі түсті жарық қойып, мерекелік жағдай жасаңыз. Барлығын бір түсте жасасаңыз да, өте әдемі көрінеді. Үстел жабдығы, қонақтар киімі, шар мен барлық безендірулер бір гаммада болса, өз үйіңізді өзіңіз танымай да қаласыз. Жаңажылдық үстеліңіздің өзі ерекше жабдықтаудың арқасында мерекенің басты әшекейі болуы мүмкін.
Жалығуға себеп жоқ
Әрбір қонағыңызға өзіндік жаңажылдық құттықтау дайындаңыз.
Мұндай кешті ойын-күлкімен, түрлі сайыстармен өткізу қажет. Олар тым күрделі не интеллектуалды болмағаны дұрыс. Қонақтардың арасында кішкентайлар болса, пәтеріңіздің амандығы үшін қатты белсенді ойын таңдамаңыз. Жұмбақ, өлең, би және ойындарды міндетті түрде ұйымдастыру қажет, бұл шынымен көңілді.
Қорыта айтқанда, бұл мереке қалай өтсе де, ең бастысы ортақ қуаныш, көтеріңкі көңіл күй - отбасын біріктірудің, бір-біріне көңіл аударып, жылы тілегін арнап, жақсы естелік қалдырудың тамаша мүмкіндігі.
Суреттер artleo.com, makala.kz,radikal.ru сайттарынан алынған