Шырша ойыншықтарын қалай таңдаймын?

Шырша ойыншықтарын қалай таңдаймын?

Дәл қазір кез келген дүкен сөрелерінен, базардағы лашықтардан шырша ойыншықтарының алуан түрін тауып алуға болады. Дөңгелек, жануарлар, Аяз Ата, Ақшақар, шырша, сопақ пішінді ойыншықтар – мерекелік өнімдердің басында тұр. Көпшілік адамдар шыршаны безендіру үшін алтын балық, Аяз Ата, сиқырлы құстар мен жануарлардың. жеміс-жидектердің, үйшіктердің, ертегі кейіпкерлерінің пішіндерін таңдайды. Ал кейде картон қағаздан жасалған түрлі-түсті ойыншықтарды құп көреді. 

Әдетте ойыншықтар мынадай заттардан жасалады:

* әйнектен: дөңгелектер, шыршаның басына мұнара ретінде тағылатын ойыншықтар, адамдардың пішіндері, моншақтар;

* картон қағаздан: а) қалыпталған (жануарлар, құстар, балықтар, адам бейнелері т.б); б) жапсырылған (шамшалар, бонбоньеркалар, үйшіктер, себеттер, жалаушалар, шартылдақтар т.б);

* жылтырақтан және жұқалтырдан (шам тізбектері немесе гирлянды, шырша жаңбыры (дождик), жұлдыздар, гүлдер, себеттер т.б.);

* мақтадан (Аяз Ата, жемістер, саңырауқұлақтар, адамдар мен жануарлардың пішіндері т.б)

* шыршаны жарықтандыруға арналған құралдар (электртізбектер, шырақтар, шамдалдар т.б)

Енді оларды қалай дұрыс таңдауға болады? Осы туралы сөйлеп көрейік...

Заманауи ойыншықтардың шыныдан және пластмассадан тұратындығын білеміз. Екеуін де сыртқы түріне қарап емес, қауіпсіздігіне қарап таңдаған дұрыс. Себебі, өте жұқа шыныдан жасалған ойыншық кенеттен сынып кетіп, айналадағы адамдарды жарақаттауы мүмкін. Бұл үйде кішкентай балалар бар кезде өте қауіпті екендігін естен шығармаңыз. Ал пластмасса ойыншықтар фенол, формальдегид сынды улы заттардың қоспасынан жасалғандықтан, уланып қалу қаупі бар.

Шыны ойыншықтарды алатын болсаңыз, ине жіпті немесе белбеуді ала шығуды ұмытпаңыз. Ойыншықтың металл ілмегіне сол жіпті байлап көріңіз, салмағы көтере ала ма, соны анық білесіз. Ойыншықты таңдауда сыртқы қабығы да маңызды рөл атқарады. Сапалы ойыншықтың бояуы сырылмау керек, оны білу үшін сулықпен сүртіп көріңіз. Бояу жұқпаса, жарамдылығын білдіреді. Әсіресе, ойыншықтың ауыр болмауын қадағалаңыз, ондай болмаған жағдайда, шырша бұтақтары майысып, жерге құлап кетуі әбден мүмкін.

Пластмассадан жасалған шырша ойыншықтарын алғыңыз келсе, иіскеу қабілетіңізге сеніңіз. Жоғарыда айтылғандай, сапасыз ойыншықтар улы заттардың қатысуымен жасалады. Сондықтан да, ойыншықтың иісі нашар болса, бас тартыңыз. Алайда, токсинді пластмассалардың бәрінде жағымсыз иіс бола бермейді. Мұндай жағдайда, ойыншықтың құжаттамасын оқыңыз. Сатушы оны кез келген уақытта тауып беруі керек. Егер, ол бас тартып жатса, басқа жерден сатып алғаныңыз жөн. Денсаулық бәрінен де қымбат...

Айтпақшы, сатып алуға шыққанда шырша ойыншықтарына қатты қызығып кетпеңіз. Ұнады екен деп, тым көп ақша жаратуға да болмайды. Бәрі де есеппен болсын. Егер, түс таңдауға келгенде қиындықтар болса, биыл жылқы жылы болғандықтан, көк, көгілдір, қара көк, сұр, ашық жасыл түсті ойыншақтарға таңдау жасасаңыз, өкінбейсіз.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет:www.tzar-elka.ru,favim.ruwww.liveinternet.ru