- Негізгі бет
- Жаңа жыл 2014
- Жылқы жылы. Пырақтың...
Жылқы жылы. Пырақтың мәні неде?
Елтаңбадағы ең маңызды әрі басты деталь – бұл пырақ. Көшпенді философиясында үлкен мәнге ие бұл мифологиялық бейне символикалық жүк арқалап тұр. Грек аңыздарындағы Парнас пен шабыттың пірі Пегас пырақтары және Қазақ ертегілеріндегі қанатты тұлпар үлкен мәнге ие. Мысалы, "Керқұла атты Кендебай ертегісінде" батырды көзің ашып-жұмғанша үлкен дарияның ортасына алып келеуі - қанатты тұлпар бейнесіне меңзейді. "Ер Төстік" ертегісінде де Төстіктің Шалқұйрық аты "жаяуында қанат, жалғызында жолдас, сасқанында ақылшысы" болады.
Елтаңба композициясындағы пырақ ай мүйізді, алтын қанатты қос пырақ бейнесі. Фольклористикада «қасарыса біткен қос мүйіз» деп сипатталатын пырақтағы ай мүйіз – ерліктің, қайсарлықтың белгісі еді. Мүйіз – киелілік. Ел мұрасында «Ескендірдің мүйізі», «Өтеген батырдың қос мүйізі» деген тіркестердің бар екенін білеміз. Мүйіз – қазақ халқының жауынгерлік рухын, қайсарлық қуатын, қайратты қабілетін айқындап тұр.
Әлемде алғаш жылқы жануарын үйретіп мінген де осы көшпенділер еді. Сол дәуірден бастап көшпенді-жылқы диалектикасы кешегі күнге дейін, көшпенді аттан түскенге дейін жалғасты. Қазірде қазақтың жылқы малын көрсе болды тамыры қозып, қаны қызып кететіні бар. Жылқы – бұл қазақ халқының тегі, тотемі десе де болады. Бірде-бір рәміздерімізде – еліміздің логотипінде тұлпардың, жылқының болмауы – қазақ халқының жетімдігін білдіретін еді.
Жылқы – қазақтың егізі. Ал қанат – бұл жаңашылдық та емес. Бірақ сонда да өзінше бір новаторлық бар. Қанат – асқақ арман нышаны. Бұл Шотаман Уәлихановтың нышандап қойған идеясы. Ал халық мұрасында қанаты бар тұлпар бұл – арғымақтың мистикасын айқындай түсетін элемент, оның ерекшелігін, қандай да бір тылсым күшке ие екенін білдіретін деталь. Ал елтаңбадағы қанатты арғымақ биікке ұмтылу, дамудың төменгі сатысынан жоғарғысына дейін көтерілу – әлемдік өркениет жетуді білдіріп тұр. Асқақтық, самғау, биік мақсаттарға жету біздің халықтың жаңа заманда игерген жаңа танымы. Қанаттың өзі алтын түстес болуы – молшылықты білдіреді. Аңызға айналған ай мүйізді тұлпар – қазақтың киесі.
Біз биылғы жаңа жылды "Таңғажайып Жаңа жыл" деп атадық. Осы жылы бар арман-мақсат, үміт-тілектеріңіз орындалсын! Босағадан аттағалы тұрған Жылқы жылы жүрек түкіріндегі ой-қиялдарыңыздың шырақшысы болсын. Ешқашан да армандаудан қорықпаңыздар. Егер сіз шын қаласаңыз, бәрі де орындалады. Ертегілердегі қанатты тұлпар барлық аңсар-арманыңызды орындаушы деп ойлаңыз...
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: massaget.kz
Ш. Талап