Міне, жыл бойы күткен, жылдың басты кеші – Жаңа жыл мерекесі де келіп жетті. 31 желтоқсан күні күнді қалай өткізу керек? Қандай істерді ұмытып қала аламыз? Келер жылға ұзатпай, жылдың соңғы күнінде қандай шаруаларды бітіріп қойған жөн?
Биыл 31 желтоқсан – еліміз бойынша жұмыс күні. Демек бұл ауыр күні жұмысқа шығып, қызметімізді орындауымыз керек. Осы күні емтихан тапсырып жатқан студенттер де аз емес. Әрине, мерекелік күні ұзағырақ ұйықтап, үй жинау, салат турау, тамақ асу, үйді безендіру, шырша қою (үлгермегендерге) сынды шаруаларға кіріскің-ақ келеді. Алайда амалсыздан бүгін жұмысымызға, оқуымызға шығуымыз керек. Бірақ бұған басқа жақтан қарауға да болады. Кешке барлық қызмет пен емтихандардан босаған кезде мерекелік көңіл-күймен үйге қайта оралып, өзіңізді барлық шаруалар мен істерден тәуелсіз сезіп, жыл бойы жасаған жұмысыңызға ойша баға беріңіз.
Күні бойы босқа отырмай туыстарыңызды, достарыңызды, таныстарыңызды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтауға кірісіңіз. Жұмыста отырғанда түрлі әлеуметтік желілерді қолдануға болады. Кешке не тамақ жасарыңызды, не дастархан жаярыңызды білмей жүрген кезде бұған аса қол тимейтіні белгілі. Ал күндіз, бос кезде құттықтау смс-тері және хабарламалары арқылы барлық таныстарыңызға мерекелік көңіл- күйді жеткізіңіз.
Жаңажылдық дастарханға барымызды аямаймыз. Сіз мерекелік мәзіріңізді ойластырып, бір бөлігін әзірлеп те қойған боларсыз. Соңғы дайындық үшін әдетте бір-екі нәрсе жетіспей тұрады. Балғын болуға тиісті көк-шөп, көкөніс пен жемістер немесе алуға қол тимеген тәтті, торттарды алуды ұмытпаңыз. Мерекелік дастарханды ойға алып, не жетіспейтінін еске түсіріңіз.
Қолыңыз босап жатқанда теледидарды қосып, мерекелік фильм, бағдарламалар қарауға кірісіңіз. Бұл мерекелік көңіл-күйге оранудың ең оңай жолы. Жұмыста отырғандар Жаңа жылға байланысты шағын бейнебаяндар қарап, жаңажылдық әндер тыңдай алады.
Жылдың соңында студенттер сессия өткізіп, оқуының қорытындысын шығарады. Қызметтегі кісілер жылдық есептемелерін тапсырып, жұмыстарын тәмамдайды. Бұл кезде сіз де өткен жылды ойға алып, орын алған қызықты жайттар, оқиғаларды еске түсіріңіз. Өзіңіздің жыл қорытындысын шығарыңыз. Қаласаңыз, қағаз бетіне түсіріңіз, немесе Массагетте блог жазсаңыз болады. Мамандардың айтуынша, жыл қорытындысын шығару адамды рухани жағынан жылды аяқтауға дайындап, келер жылды еш жаман ойларсыз, таза беттен қарсы алуға көмектеседі.
Әрине Жаңа жылға өткен жылдағы өкпелерді, ұрыс пен қайғыны алмаған жөн. Осы жылы орын алған келеңсіз жағдайлар, оқиғаларды ойша бір шолып көріңіз. Қайғыларды жіберетін, өкпелескен достармен татуласатын кез келді. Осыған дейін оған уақыт, көңіл-күй, батыл жетпесе, ескі жылдың соңғы күнінде мәселені шешпеу үшін еш сылтау таба алмайсыз. Келер жыл ойдағыдай өтсін десеңіз, оған ескі жылдың жамандықтарын алып кірмеңіз.
Жылдың ең қызықты күніндегі барлық ауыр шаруаларды аяқтап, жаңажылдық салаттарға тойғаннан кейін келер жыл жайлы да ойланыңыз. 2014-ке жоспар құрып, осы жылы орындағыңыз келетін армандарыңызды тілеңіз.
Жаңа жыл құтты болсын!
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: apozh.kz