Неге қыздар мен жігіттер деп бөлеміз? Себебі олардың физиологиялық жақтан да, рухани жақтан да ерекшелігі бар. Ал келесі әңгіме – бойдақ жігіттер мен үйленген (я қызы бар) жігіттердің бұл мерекені қарсы алудағы ерекшеліктері бар екенін дәлелдеу. Дәлелдемесек те, олардың бір мерекені екі бөлек жағдайда қарсы алатынын біз де, сіз де біліп отырсыз. Ендеше кеттік...
Үйленген жігіттерге арналған кеңестер: «Жаңа жылды қалай өткіземін?»
- Ешкіммен араласпай, ешкімнің телефон қоңырауына жауап бермей тек бір ғана адамды қасыңа алып, дастархан жайып, екеуара керемет кешті қарсы алу.
- Сағат тілі дәл 12:00-ді көрсеткенде балконнан ескі киімнің барлығын да лақтырып тастау. Кейін есікті ешкімге ашпай қою.
- Ері аяз ата, әйелі ақша қар болып киініп, елге жақсылық жасау, ал көңіл-күй болмаса сайтанның киімін киіп, жұрт біткенді қорқыту.
- Жаңа жыл кешіне қонақ шақырып, олардан алдын ала бір тақырыпқа сай киініп келуін сұрау. Мәселен, «Зомбилер Жаңа жылы», «Мультфильм Жаңа жылы», «Кариб теңізінің қарақшылары Жаңа жылды қарсы алады». Фантазияны іске қосыңыз.
- Жаңа жылға арнайы қысқа ғана уақытқа созылатын спектакль ұйымдастыру. Оның кейіпкерлері сіз, әйеліңіз, балаларыңыз... Мұны тіпті балаңыздың балабақшасында да, мектебінде де ұйымдастыруға болады. Ал балаңыз оған ұялса – мектеп интернат немесе балалар үйіне барып, көрініс қоюларыңызға болады.
- Көшеге отбасыңызбен шығып, қайырымдылыққа ақша жинау. Жиналған ақшаға балалар үйіне немесе мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап акция өткізуге болады. Ниет болса болғаны!
- Жаңа жылды отбасыңызбен бірге әртүрлі ұлттардың бұл мерекені қарсы алу дәстүрімен қарсы алыңыз. Жапон, Ресей, Қытай, америкалықтардың және тағы да басқа ұлттардың дәстүрінен де үйренеріміз көп.
- Шақырылған қонақтарды әзілмен құттықтап, оны үйішілік басылым етіп шығару. Қабырғаға іліп қойсаңыз тіпті керемет!
- Керемет сыйлық жасау! Мәселен енеңізге – автоматты түрде тағам дайындайтын құрылғы, әйеліңізге – арықтататын құрылғы, ал балаңызға – компьютер немесе PsP. Ал өзіңіз нағыз еркектерше сыйлықсыз қарсы алыңыз.
Бойдақ жігіттірге кеңес: «Жаңа жылды қалай өткіземін?»
- Барлық туысқандарды шақырып алып, жиын кеш өткізу. Олармен бірге таң атқанша әңгіме-дүкен айтып, жеке өмір, мақсат-мұраттар жайлы толғану.
- Тамаққа суық тигізіп, ауырып қалу. Түнімен теледидар алдында көз ілмей жатып, дәрі ішіп, ертесі жеңілдеп тұру.
- Пойызға билет алу. Онда жолсапаршымен, жолаушылармен танысып, бірігіп, өмірдің рахатын сезіну. Таңда қайда, не үшін бара жатқаныңызды еске түсірсеңіз болғаны...
- Қандай да бір байқаудан Еуропаға саяхатқа жолдама ұтып алу. Кейін оны бастығыңызға сыйлай салу. Бұл барлық әріптестеріңізге жасаған керемет сыйлық болар еді!
- Таныс емес адамдар отырған жиын-тойға барып, олармен араласу. 24 әзіл айтып, қыз біткенді ғашық қылған соң сол керемет сезіммен үйге оралу.
- Бәрін үйден қуып шығу. Ішіп-жейтін дүниені түгел сатып алып, бәрін тауысу. Жаңа жылдың бірінші 10 минутында ұйықтап қалу.
- Жаңа жыл тақырыбына кереметтей бір әңгіме я өлең жазып, кітапша етіп шығару. Тіпті болмаса өзіңіз оқитын журнал бетіне шығару.
- Өз имиджіңізді толықтай өзгерту. Бұл Жаңа жылға жаңа қырыңызбен баратыныңызды көрсетпек.
Айтылған әдістің барлығы да жаңалық емес. Бірақ әрбір дүниеге жете мән беріп, кереметтей мотивациямен жасау – Жаңа жылды тамаша өткізудің кепілі бола алады. Жаңа жыл құтты болсын!
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: pioneri.kz