- Негізгі бет
- Жаңа жыл 2014
- Жаңажылдық кеште өзімді...
Жаңажылдық кеште өзімді қалай ұстаймын?
Кейде жаңажылдық кештен кейін: "Неге өзімді бұлай ұстадым екен?", "Неге бұл сөзді айттым?", "Бастықтың менен көңілі қалды ма?" деген сауалдарға жауап таба алмай әлекке түсеміз. Енді біріміз ертеңгі күні жұмысқа келуге ұяламыз... Осындай келеңсіз жағдайлар орын алмас бұрын, кеште өзіңді ұстау қағидаларын оқып алыңыз.
Әріптестер кеші – әдеттегі көңілді кештердің бірі емес. Мұнда сіздің әріптестеріңіз, бастығыңыз болады. Мақсатым әдемі киініп барып, көңіл көтеріп қайту деп ойламаңыз. Бәлкім, бастығыңыз кімнің қандай екенін көруге келген шығар. Яғни, субординацияны (дәреже сатысын) сақтау керек.
Басқа жоспарларыңызға сәйкес келіп тұрса да, әріптестер ортасына қалай да бару керек. Жұмыс кезінде бәсеңдеп бара жатқан сыйластық пен құрмет бір кеште қалпына келе алады.
Бастығыңыздан қашып жүрудің қажеті жоқ. Осы кеште жыл бойы алған әсеріңізді айтып, алғыс білдіруге болады.
Бойдақтар қатарында болсаңыз да қылымсудың орны жоқ. Арты өкінішке апаруы мүмкін.
Жұмыс туралы сөз қозғамаңыз. Әріптестеріңіз онда жұмыс жоспарынан, қиындықтарынан алыстау үшін барады.
Өсек-аяңнан аулақ болыңыз. Кеште де, кештен шыққаннан кейін де. Іштегіңіздің бәрін бір кеште ақтарып салуға асықпаңыз.
Әшкерелейтін материалдарға (компромат) жол бермеңіз. Сол себепті тым көп ішімдік ішпеу керек.
Сырт келбетіңізге жиі назар аударыңыз. Далап пен опаны жаңартып, көйлекті дұрыстап жүріңіз. Бәрі идеалды болу керек.
Өзіңізден айнымаңыз. Бәрін таңғалдырғым келеді деп, түбегейлі өзгеріп кетуге болмайды. Ертеңгі "өсектің гүлі" болғыңыз келмейтін шығар...
Уақытысында қайтып үлгеріңіз. Мөлшерді білген абзал, соңғы ән айтылып жатқанда ғимарат сыртында болу керексіз.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: vk.com