Жаңа жыл мерекесіне санаулы күн қалды. Біріміз сақадай сай болсақ, екіншіміз дайындық жұмыстарын әлі де біте алмай жүрміз. Арамызда шырша құрып үлгермегендер де бар болар. Егер сіз осы қатарда болсаңыз, төмендегі ақпараттарға назар аударуыңызды сұраймыз.
Бір ғана шырша мен оның ойыншықтарының я болмаса жылтырақтарының арасында бит, жеркене, ұсақ өрмекшілер, күйе сынды 25000-нан астам паразит бар екендігін біле жүріңіз. Олар әдетте қыстыгүні ұйқыға кетеді, бірақ, жылы жерге әкелінгенде, көктем келгендей әсер алып, ояна бастайды. Бұл туралы норвегиялық ғалымдар мәлімдеді.
Шыршаны шығарғанда ақ шүберекпен сүртетін болсаңыз, өте ұсақ қоңыздарды айқын байқайтын боласыз. Норвегиядағы Бергена Университетінің адъюктант-профессоры Бьярте Джордала аллергиялық аурулары бар адамдарға шырша құруға қатыспағандары жөн деген кеңес айтып отыр.
Ұйқыдан оянған паразиттер үй өсімдігімен немесе шырша тікендерімен қоректене алмайтындықтан, көп ұзамай өледі.
Зиянды жәндіктер жасанды немесе фермалардан алынған шыршаларға қарағанда, орманнан кесіп алынған шыршаларда көптеп кездеседі. Осыны білгеннен кейін ағашты жууға, тазалауға талпынбаңыз. Бұл ағашқа зиянын тигізеді. Сонымен қатар, өміріміз тығыз байланыста жүрген бөлме өсімдіктерінде де осындай паразиттердің бар екендігін естен шығаруға болмайды.
Мереке, көтеріңкі көңіл-күй деген жақсы әрине, бірақ, қауіпсіздік шараларына да көңіл бөліп тұрған абзал.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: byaki.net