- Негізгі бет
- Жаңа жыл 2014
- Жаңа жылға дейін...
Жаңа жылға дейін бәріне қалай үлгеремін?
Желтоқсанның соңы қарбаласқа толы болып кетеді. Жылдың соңында емтихан өткізіп, жұмысты уақытында орындап үлгеруіміз керек, Жаңа жыл тойлануына дайындық та бар. Әбігерлікке салынбай мерекелік күндер алдында бар іске бірдей үлгерудің жолын бірге іздейік.
Жаңа жылдың алдында ең қарапайым адамның өзінде шаруалар көбейіп кетеді: сыйлықтар, отырысқа киетін көйлек алу, жаңажылдық дастарханды ойластырып, азық-түлік сатып алу, жұмысты бітіріп, сабақтарды 5-ке жабу... Оның үстіне дүкен ішіне үлкен кезек жиналып, қаладағы көшелерден жол тығындары таралмай қояды.
Осы кезде өмірдің асыққан ағынына үлгермей, бірнеше шаруаны бастап, ешқайсысын ойдағыдай аяқтай алмай қалуыңыз мүмкін. Дәл осындай сәттер адамның жүйкесін тозарып, Жаңа жыл алдындағы керемет көңіл- күйдің орнына әбігерлік береді. Сіз де осындай жағдайға тап болсаңыз, мына қарапайым кеңестерге құлақ салып көріңіз.
Істер тізімін құрыңыз
Асығып жүргенде талай шаруаны ұмытып та кете аласыз, сол үшін істер тізімін әркез жазып жүрген дұрыс. Біреу істерін қағазға не стикерге жазып алғанды ұнатады, басқалар үшін күнделікті қол астында болатын телефон ыңғайлы. Қалай болғанмен ойыңызға түскен маңызды шаруаны (сыйлық, азық-түлік тізімі, маңызды қоңырау шалу) жазып алып, жасаған бойда сызып тастайсыз. Осы сәтте шаруаны аяқтағандығыңызға іштей қанағаттанып, "Бір нәрсені ұмытып кетпедім бе?" деген шаршатарлық ойдан арыласыз.
Дұрыс тамақтаныңыз
Түскі ас кезінде жақсы тамақтанып, артынан тәтті ұйқыға батқымыз келеді. Шамадан артық ас бірден сізді шаршатып, осы күндері соңғы күштен айырады. Тәтті бәліштер, нан-тоқаштар, майлы, қуырылған ауыр тамақ ағзамызға осындай әсер береді екен. Сол себепті Жаңа жылдың алдында тәтті кәмпиттерді жемістерге, жаңғақтарға, майлы тағамды көкөністерге алмастырыңыз. Әрине бұл мерекелік кештің алдында артық салмақты тастауға да өз септігін тигізеді.
Күнделікті дауалар
Міндетті күнделікті дауалар денеңізге уақытша демалуға көмектеседі. Мысалға күнделікті кешкі душ шаршағандықты кетіреді, ал физикалық жаттығулар сергектік сыйлайды. Күнделікті сабаққа не жұмысқа бара жатқанда сүйікті өлеңдеріңізден тұратын плэйлистті тыңдау да көңіл көтере алады. Әрине фитнес залындағы жаттығу сабақтары, жүзу сынды дауалар әлдеқайда пайдалы.
Демалыс сағаттары
Күнделікті немесе күнара демалыс сағаттарын тағайындаңыз. Ол кезде теледидар қарап, ұйықтамайсыз, бұл уақытта жаныңызға жақын, көңіліңізді көтеретін, рухани жайлылық беретін бір іспен айналысыңыз. Біреу үшін ол билеу, басқалар үшін тамақ пісіру. Достармен кездесу, тыныштықта жату, кітап оқу сынды қарапайым шаруалар сіз үшін нағыз демалыс бола алмақ.
Жаңажылдық науқан
Жаңа жылға соңғы апта қалғанда қарбаласып, шаршап жүрген адам бір сәт өз істерін ұмытып, сыртқа қарасын. Көшелерде безендірілген шыршалар, әр жерде түрлі түспен жанған шамдар, жапалақтап жауған қар... Жаңажылдық науқанның өзі-ақ көңілді көтеріп тұрады.
Есіңізде болсын, бізді бір әлем қоршайды, ал оны жақсы не жаман қабылдау әркімнің өз таңдауы. Жаңажылдық науқанға ілесіп істеріңіздің барлығын аяқтауға кірісіңіз.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: apozh.kz
С. А