Жаңа жылды қайда қарсы аламын?

Егер сіз дәстүрлі мерекеден: оливье салатынан, "Тағдыр тәлкегі" фильмін көріп, сағат он екіні соққанда ел басшысының тілегін тыңдай отырып, от шашуларды тамашалаудан жалығып, жағдай өзгерткісі келетіндердің қатарында болсаңыз, жан дүниеңіз қалайтын әлемнің кез келген бұрышында Жаңа жылды қарсы алуға болады. Жаңа жер – жаңа басталғалы отырған жылға оң өзгерістерін береді. Ойыңызға бірден қаржы мәселесі түсті ме? Саспаңыз, сиқырлы мерекенің арқасында қаржыны да үнемдеуге болады.

Бастысы – алдын ала қамдану. Жыл соңы, жұмыстың қызып тұрған шағы, есеп-қисап, ұйқыны аңсап жүрсіз. Бірақ бүгінгі азапқа шыдау үшін, ертеңгі ғажапқа сеніңіз. Ал біз сіздерге ғаламшарымыздың "жұмақ" мекендерін таныстырып өтеміз.

Демалыстың бюджеті екі адамға арналған. Және 1-10 күндік тұрмыс пен ұшу, тамақ, медициналық сақтандыру, трансфер және гид қызметі қамтылған.

250 000 теңгеге лайықты демалыс


Египет

Египетте 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні Жаңа жыл мерекесін тойлау дәстүрі етек алмаса да, туристер мерекесіз қалмайды. Ең таңдаулы деген қонақ үйлер мен мейрамханаларда мерекелік дастархандар, ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылады және танымал жұлдыздар шақырылады. Қызыл теңіз жағалауындағы демалыс орындарындағы анимациялық бағдарламалар мен су спортының түрлері, би кештері сіздерді қалай зеріктірсін? Иә, Жаңа жылды жаңа қызығушылықпен бастау керек. Египетте ниеті бар кез келген адам су астында жүзу өнерін оңай меңгеріп кете алады. Сондай-ақ, Ніл өзеніне саяхат жасай аласыздар. Өзен жағасындағы көне ескерткіштер мерекелік көңіл-күйді одан әрмен жандандыра түседі.

Скандинавия

Еуропаның солтүстігіндегі тарихи-мәдени аймақтың орталығы – Скандинавия жартылай аралы. Ол Швецияның, Норвегияның, Данияның аймақтарын алып жатыр. Қойнауында құнды тарихи ескерткіштерді жинай білген өлкеге туристер ғана емес, әлем ғалымдары қызығушылық танытып жүр. Бұл жерде Аяз Атаны Йоулу Пукке деп атайды. Бұл – фин тілінен аударғанда "жаңажылдық ешкі" деген мағынаны береді екен. Сол себептен, бұл жерде шығарылатын ашық хаттар мен естелік заттарда сәнделген ешкінің суреті бейнеленеді.

Жаңа жылды өзіңіз ұнатқан кез келген жерде қарсы аласыз. Ойын-сауықтыру бағдарламалары паромды, қонақ үйді, мейрамханаларды, клубтарды, қала сыртындағы коттедждерді қамтиды. Ел, жер көремін деушілерге арнайы экскурсиялар жоспарланған. Шопинг сүйер адам болсаңыз, жеңілдіктер де өте көп қарастырылған.

Чехия

Чехияда Жаңа жылды қарсы алатын болсаңыз, көптеген оң әсерлерге ие боласыз. Олар қос мерекені – әулие Сильвестр күнін және Жаңа жылды думанмен, у-шумен атап өтеді. Және әрбір үй дастарқандарына тұрқыға (тұщы суда болатын бүрге балық) алма және жасымық қосылған тағам даярлайды. Олардың түсінігінше, бұл тағам Жаңа жылда бақыт әкеледі екен. Тағы бір ырым бойынша, мерекелік дастарқанға құс етін қоюға болмайды, бақыт сонымен ұшып кетеді деген сенім бар.

Президент сағат 00.00-де емес, 1 қаңтар күні сағат 13.00-де құттықтау сөзін арнайды.

Мерекені де әртүрлі қарсы аласыз. Кейбір туристер арнайы яхтаны жалға алып, Влтава өзеніне круиз жасайды. Бұл жерден жарқыраған Праганың кереметтей көрінісіне куә боласыз. Негізінде Праганың Старомест алаңына халық көп жиналады. Соғылған дабылдан кейін адамдар құшақтасып, бір-бірін сүйіп, билеп, ән айта бастайды. Осыдан кейін Яна мүсініне қол тигізеді. Ол арман-тілектерді орындайды деген сенім бар.

500 000 теңгеге лайықты демалыс


Тайланд

Сиам егіздері мен көгілдір көзді сиам мысықтарының отаны, қайталанбас бейнеге ие ел бір ғасырдан бері адамдарды магнит секілді тартып келеді. Бір барған адам, тұрақты қонаққа айнала шығады. Таңғажайып патшалықтың құпиясы неде? Бір жағынан бай мәдени мұра, өнер, сәулет, екінші жағынан – тайлықтардың жарқын жүздері, ашық мінездері, шуға толы көше базарлары, ертегідегідей ескі қалалар, заманауи қонақ үйлер, қызмет көрсетудің жоғары деңгейі, өркениеттен қалыс қалған тайпалар, алып мұхит және ғаламат табиғат...

Сол себепті, Жаңа жыл есік қаққанда көптеген адамдар қақаған аяздан, қара-ақ бояулардан, күйбең тіршіліктен, отбасы қиындықтарынан қашып Тайландты жағалайды.

Тайландтағы Жаңа жыл – бұл әуезді әуен мен от шашулардың, қуаныш пен жақсы көңіл-күйдің, күлімдеулер мен бітпейтін мерекенің "қоспасы" дер едік.

Үндістан (ГОА)

Гоадағы мереке 25 желтоқсаннан басталады. Үндістанның орталық көшелері ілінген жалаушалардан сарғыш түске енеді, ал түнде үй шатырларында шырақ жағылады. Жаңа жылды тойлаудың басты эпизоды – боялған ағашты немесе жасанды қарақшыны жағу. Адамдар оттан секіріп, ерлер мен әйелдер арасында күш сыналады. Үндістер лакшими анадан байлық, Камадан махаббат тілейді. Және Кришна да назардан тыс қалмайды.

Дәстүрлі сыйлықтар – тәттілер. Достардың, туыстардың, көршілердің бір-біріне жіберетін себетке салынған жемістері мен жаңғақтары – жақсы көру мен Жаңа жылда жақсылық тілеудің белгісі. Үндістанда бұл кезде ауа температурасы  +15 градустан түспейді. Жайлы әрі ыстық емес ауа райында карнавалдар мен мерекелік шараларға қатыса аласыз.

Біріккен Араб Әмірлігі

БАӘ жеті бірдей эмираттан тұрады. Олар: Әбу-Даби, Дубай, Шарджа, Фуджейра, Ум-Әл-Кувейн, Рас-әл-Хайм және Аджман. Бәрі де бір-бірінен өткен әдемі. Дәл осы кезде қаладағы ауа-райы да қалыпқа түседі. Сол себепті, ыстықтан қорықпасаңыз да болады.

Жаңа жыл түнінде құм үстінде шаңғымен сырғанап, атақты бәдуилерде қонақта болсаңыз айып емес. Қарды қаласаңыз, Дубайға сапап шегіңіз. Қала орталығында алып таушаңғысы орталығы орналасқан.

750 мың теңгеге дейін


Доминикан Республикасы

Жаңа жыл түнінде жағалауды отшашу басады, ал көшелерді әуен әлдилеп, мерекелік көңіл-күйді күшейте түседі. Доминикан қонақтарын Кариб теңізі жағалуында экзотикалық тағамдар мен шулы карнавалдар, ай-жұлдызы жымыңдаған түн астындағы би кештері күтеді. Серфинг және дайвинг сүйер қауым естен кетпес әсер алып, Самана бұғазындағы киттерді тамашалай алады. Бұл жердегі қонақ үйлерде бос орындар бола бермейтіндіктен, ертерек қамданғаныңыз жөн. Кариб теңізінің жағалауындағы жаңажылдық ертегіңізді жіберіп алмаңыз.

Индозения (Бали аралы)

Индонезияға саяхатқа шықсаңыз Марко Поло, Фернандо Магелан және Капитан Куктың іздеріміз жүретін боласыз. Ластанбаған табиғат, тропикалық климат, өзендер мен қыраттар ақ құмды жағалаулары мереке сәнін келтіріп қана қоймай, жаңадан басталғалы отырған жылға жаңа энергия, күш-қуат, серпін береді.

Жаңа жыл бес күн тойланады және жергілікті ғибадатханалардан басталады. Адамдар үйлерінен теріс күштерді қуып, кейіннен тамақтандырады. Жаңа жылмен бірге Ньепи, Нгембак мерекелері атап өтіледі екен. Адамдар бұл кезде бір-біріне қонаққа барып, өткен-кеткендер үшін кешірім сұрайды.

Мальдив аралдары

Ең алдымен сізге қандай демалыстың керек екенін ойланыңыз – тыныш, баяу немесе қанық әрі шулы. Біріншіcін таңдасаңыз, шағын арал-шипажайларға барыңыз. Мұнда кокос пальмаларының арасында серуендеп, таза мүйістерде шомылып, су асты өмірін зерттеп, жаңа піскен тропикалық жемістерді тата аласыз. Ал ең мықты деген аспаздар еуропалық, үнді, шығыс асханасының тағамдарын дайындайды, бунгалода 24 сағат бойы үздіксіз қызмет көрсетіледі.

Құм үстінде жанды музыкамен, бейнелі билермен, шырақ жағылған мерекелік дастарқанмен және тамаша тосын сыйлармен "безендірілген" мерекеден бас тарта аласыз ба? Бұл кезде spa-салондарда да едәуір жеңілдіктер болады. Классикалық, тайлық массаждарға қалай қарайсыз?

Иә, солай... Жаңа ортада, жаңа адамдармен, жаңа жерде Жаңа жылды осындай арзан бағамен қарсы алуға да болады екен. Шешім қабылдау сіздің құзырыңызда... Жаңа жыл құтты болсын!

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk. сom