Массагет сайты Жаңа жыл мерекесін көңілді де естен кетпестей етіп өткізуіңіз үшін қолдан келген көмегін аямауда. Бұл күні қандай киім кию жайында, шаш сәні мен бет бояуына да кеңес беріп келеміз.
Ал бүгін Жаңа жыл мерекесін қалай жарқырап қарсы алуға болатындығы жайында қорытынды кеңестерді ұсынбақпыз.
Үйіңізді сәндеуден бастаңыз
Өзіңізден бұрын, қонақтар күтіп алатын үйіңізді сәнге келтіруге қалай қарайсыз? Мерекеңізбен құттықтап келген жақыныңыз не танысыңыз мерекелік көңіл-күйді сезінсін десеңіз шаңырағыңызды жаңажылдық сәнді бұйымдармен сәндеуді бастаңыз. Кез келген үйде Жаңа жыл жақындағанда көлемі кішкентай болса да сәнделген шыршаның болғаны жақсы. Шырша Жаңа жылдың тақап қалғанын білдіріп, мерекелік шат көңіл сыйлайды.
Түрлі-түсті безендіруге арналған құралдармен және жанғыш заттармен шыршаны сәндеп қойыңыз. Қолдан жасалған сәндік заттарды да қолдансаңыз тіпті керемет болмақ. Үй ішін жақсылап жинаңыз. Сөрелердегі шаңмен және терезелердегі кірмен Жаңа жылдың табалдырығын аттағанның несі жақсы? Үйдегі барлық шаң-тозаңды жамандық атаулымен қосылып ескі жылда қалғанын тілесеңіз үй ішін жақсылап тазалап шығыңыз. Түрлі жылтырықтармен қабырғаларды сәндеп, арнайы тілек қалдыратын орынды дайындап қойыңыз. Келген қонақтар немесе отбасы мүшелері жүрек жарды тілектерін жазып, сол жерге жабыстырып кетсін. Бастысы – тілектердің орындалғанын қалайтын таза ниеттің болғаны.
Дастархан жайып, қонақ күтіңіз
Ұзын-сонар дастархан жайып, бос орын қалдырмай үстін аспен толтыру міндет емес. Бастысы ас атасы саналатын нан тағамдары (бауырсақ, шелпек, самса, бәліш және т.б) болса да болады. Аздаған сусындар қойсаңыз да артық емес. Ал егер жағдайыңыз жетіп жатса дастарханды неге жайнатып қоймасқа? Дастархан басында берілген бата мен ыстық тілектер орындалса екен деп тілеңіз.
Жаңа болмаса да жарасымды киім киіңіз
Жаңа жылда жаңа киім киіп, ескі киімнен құтылыңыз деп айту ыңғайсыз. Тек Жаңа жылды жыртық-жыртық лас киіммен қарсы алмауға тырысыңыз. Үстіңіздегі киімнің жап-жаңа болуы міндет емес. Бастысы – таза, әрі жарасымды болғаны. Қонаққа барғанда ғана әдемі киініп, өз үйіңде қонақ күткенде қалай болса солай жүр деп сізге кім айтты? Бұл күні қайда да әдемі болып жүруге тырысыңыз. Мерекені қарсы алуға дайындап қойған киіміңізді алдын ала үтіктеп даярлап қойыңыз.
Боянып алыңыз
Бұл күні бәрі де әдемі болуы керек. Бетіңізді бояп, тырнақтарыңызға мән беріңіз. Бәрін алдын ала жасап қойыңыз. Сағат түнгі 12-ге жақындағанда өзіңізді өзіңіз жоғалтып алып жүрмегейсіз. Егер уақытыңыз болып жатса, кндік бір-екі сағаттай мызғып алыңыз. Әйтпесе Жаңа жыл түні ұйқысырап әлсіреп жүрерсіз.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: monevent.ru, novorozhdennyj.ru, mail.ru