- Негізгі бет
- Жаңа жыл 2014
- Жаңа жылда үйді...
Жаңа жылда үйді қалай безендіремін?
Жаңа жыл – сөзсіз отбасылық мереке. Жаңа жылда сиқырлы, ғажайып көңіл-күй орнатуда үйді мерекелік безендіру үлкен орын алады. Үйді безендіру үшін дәстүрлі шырша, базар мен дүкендерде сатылатын жаңажылдық ойыншықтар мен жылтырларды ғана қолданып қоймай, сонымен қатар өзіңіз де қолдан түрлі әдемі заттар жасай аласыз.
Әрине бірінші кезекте біз базарда сатылатын ойыншықтар мен кәдесыйларға назар аударамыз. Олардың арасынан жұмсақ, артық жылтыры жоқ түрлерін таңдаған дұрыс. Жаңажылдық безендіру ойыншықтарын қалауыңызша кез келген жерге жабыстырып ілуге болады.
Келер жыл – жылқы жылы. Демек оның бейнесі үй безендіруінде болғаны абзал. Қазірде дүкен сөрелерінде жылқы бейнесінде орындалған кәдесыйлар, шыршаға ілетін ойыншықтар бар. Бірақ терезе әйнегіне бояумен салынған мынандай жылқы ерекше көрініп, кішкентайларды әбден қуантады. Оны салу да аса қиын емес, қандай да бір жылқының суретіне қарап тұрып, суретті қарапайым бояумен қорықпай салып көріңіз.
Бөлменің бір жағынан екінші жағына дейін дүкенде сатылатын қағаз не жылтыр гирлянда тартып қоюға болады. Бұндай безендіру бірден бөлмені сәндейді, әрі балалар гирлянданы бойлары жетпегендіктен, уақытынан бұрын жыртып тастамайды.
Үйдегі бөлмелердің есіктерін безендіру соңғы кезде көп таралған. Дүкендерде сатылатын түрлі-түсті шеңберлер ала салуға болады, бірақ оны өзіңіз де қарапайым гирлянданы орап, әдемі жіппен байлап жасай аласыз. Сондай-ақ есікке ілінген "2014" деген жазу қай жылдың келе жатқандығын еске салып, үйді ерекше безендіріп тұрады. Бұл сандарды да өз қолыңызбен жасай аласыз. Қатты қағаздан 2, 0, 1, 4 сандарын кесіп алып, оны тоқыма жібімен ораңыз.
Әрине Жаңа жыл шыршасы үйдегі жаңажылдық безендірудің басты элементі болады. Алайда үйде онсыз да көп безендіру түрлері болғандықтан, осындай кішігірім түрін қойып, ойыншықтарды да барынша аз ілуге болады.
Ал дүкенде сатылатын арзан әдемі ойыншықтар, қоңыраулар, шырша бұтақтары үйіңіздің кез келген бұрышын сәндей алады.
Үйіңізді ертегідей безендіру үшін қыруар қаражат пен ерекше ойыншықтар, үлкен шырша қажет емес. Қолда бар заттар мен дүкеннен алынған бір-екі зат та үйіңізді сәндеп, отбасыңызға мерекелік көңіл-күй сыйлай алады. Бастысы бұл іске жақсы көңілмен кірісіп, қиялыңызға шек қоймаңыз.
Үйді безендірген: Сания Аринова
С. А