Жаңа жыл күнінде жалғыз өзің қалайын деп тұрсың. Не қызың, не достарың, не ата-анаңмен бірге болу бақыты маңдайыңа жазылмай, дәл осы күнді төрт қабырғада өткізу бұйырыпты.
√ Не істемек керек?
Бастысы – мұңайма! Мұңаю қыздардың шаруасы! Жаңа жыл күні жалғыздан-жалғыз көшеге шығу ұят деп санасаң, қатты қателескенің. Өйткені, адамзат адамзат болғалы ер адам нәзік жандылардан үстем тұрған. Атам қазақтың өзі еркек бас, әйел мойын екенін баяғыда-ақ айтып кеткен. Бұны не үшін айтып отыр десең, жалғыз қалуың керісінше, өзіңді нағыз ханзада ретінде сезініп көруің үшін таптырмас мүмкіндік дер едік. Көшеге сәнді киініп шық та, өзіңе ұнаған қызбен танысуға бір қадам жаса. Қай қыз болмасын, бұндай батыл жігітті бағалары сөзсіз. Бәлкім өмірлік бақытыңды тауып қаларсың? Не нәрсе де жақсылыққа, сондай-ақ сенің бұл күні жалғыз қалуың бәлкім өміріңді жақсы жаққа өзгертейін деп тұрған болар?
◊ Міндетті түрде өз-өзіңе сыйлық сатып ал. Мына өмірде Жаңа жылды жалғыз қарсы алып көру де керек шығар? Өз-өзіңді еркелетіп, сағат тілі 12-ні соққанда шын жүрегіңмен тілек тіле.
◊ Жаңа жылды интернетте отырып қарсы алуға да болады. Интернетке кіріп қалсаңыз, дәл сіз сияқты Жаңа жылды жалғыз қарсы алмаққа бекінген адамдардың көп екеніне көзіңіз жетеді.
Бұл туралы ерлердің өзі не дейді екен?
Айбат, 23 жас: Бәрі қалтаға байланысты, егер мен жалғыз қалып қойсам, қалтамда қаражатым болса, үйде отырмас едім. Әйтеуір бір амалын тауып, бейтаныс адамдармен болса да қарсы алар едім. Ал қалтамда көк тиыным жоқ болса, үйде өз-өзіме ренжіп отырудан басқа амал жоқ. Ондай жағдайда қыздарға қоңырау шалып, немесе неге жалғыз қалғанымды ойланар едім...
Ерхан, 20 жас: Бұлай ойлаудың өзі қиын. Ал, егер Жаңа жылда жалғыз қалсам, жалғыз өзім дастархан жайып, 12-ні күтіп, өз-өзіме тост көтеретін едім. Мүмкін сол жерде биылғы жылым туралы қорытынды жасармын.
Батыр, 18 жас: Телидидар көріп үйде отырамын, туған-туысқанға хабарласамын, өзім тамақ дайындап, торт та пісірер едім.
Жанат, 23 жас: Жалғыз қалмауым үшін жалғыз қалмаудың бар амалын алдын ала жасар едім.
Жасұлан, 19 жас: Жаңа жылда жалғыз қалу дегенді елестете алмай тұрмын. Ал расымен жалғыз қалған болсам, ең алдымен өз-өзіме мереке жасаймын. Дастарханға отырып, жаңажылдық кино көріп, әйтеуір өзімді бірдеңемен алаңдатып, мұңаюға жол бермес едім. Өйткені мен бір жылда бір келер Жаңа жылды кейін есіме түсіргенде, көңіл-күйімнің түсіп кеткенін қаламаймын.
Жаңа жылды жалғыз қарсылайын деп тұрған жігіттеріміз үшін сіз қандай кеңес қосар едіңіз?
Жаңа жылда жалғыз қалған қыз үшін
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: loneliness