Сүйікті мереке қарсаңында көпшілік өтіп бара жатқан жылды қорытындылайды. Барлық өкпе-реніштерді өткен жылда қалдырып, Жаңа жылды жаңа беттен бастауды қалайды.
Жылды қорытындылағанда, әрине, бір ауыздан жақсы немесе жаман болды деп үкім айта салуға болады. Немесе бағалауға тереңірек үңіліп, өткен жылда түйген сабақтарымыз, ашқан жаңалықтарымыз, бастан кешірген қуанышты және өкінішті сәттерімізді еске алып, жаңа кездесулер мен мүмкіндіктерді ескере қарасақ болады. Жазушының сезімі мен ойларын жеткізетін драмалық шығарма тәрізді өткен жылдың оқиғалары, жетістіктері мен түңілулері, саяхаттары мен көші-қондары, өзгеріске толы өмір немесе қатып қалған біркелкілік, бәрі қосылып сіз жайлы айтып береді.
Бойыңыздағы қатал цензорды ысырып, орындалмаған уәделеріңіз үшін, іске аспаған армандарыңыз үшін өзіңізді сөге бермеңіз. Барлық өкініштеріңізді артта қалдырыңыз. Бұл сынақты жақсылық әкелетін өзгеріске бір қадам деп қабылдаңыз. Және ең бастысы – сол болашаққа дайындалуды үйреніңіз! Жаңа жылдан емес, дәл қазір – мереке қарсаңында.
Жаңа сценарий
Әрине, өкініштер мен мұңлы ойлардан басыңызды ғана емес, үйді де тазарту керек. Мерекеге, үйіңізге жаңа өмірді кіргізуге дайындалыңыз.
Ең бастысы оң ниет. Қуаныш пен сәуле шашқан көздеріңіз қалағаныңызға жетуге көмектеседі. Скептицизмнен арылып, өткен қателіктеріңізді ой елегінен өткізіп, уайымға салына бермеңіз. Өміріңіздің жаңа сценарийін жазыңыз. Онда сіз әрдайым қуанып, өзіңізді бағалап, жақсы көресіз, қаншалықты махаббат сыйласаңыз, соншалықты қайтарымы бар екеніне сенесіз.
Ең алдымен, өмірлік жолыңызды айқындап алыңыз: неге ұмтылып жүрсіз? Және мақсаттарыңыз қаншалықты айқын және қаншалықты сол дүние сізге қажет екеніне байланысты қорытынды нәтиже де болады. Дәл осы тұста қателік жасасаңыз, бұдан кейін жеткен жеңістеріңіз жалған болып шығып, сізге қанағат та, бақыт та сыйлай алмай, шынайы қалауларыңыздан одан сайын адастыруы мүмкін.
Дұрыс шешім мен дұрыс бағыт таңдау үшін бір сәтке болсын кедергілерге қарсы жүрісіңізді тоқтата тұру қажет. Және қаңтардың алғашқы үш күні сізге сондай мүмкіндік береді. Бұл уақыт алда күтіп тұрған өзгерістерге физикалық және эмоционалдық күш жинауға тамаша мүмкіндік.
Тілектер қобдишасы
Біреуге үлгі боларлық емес, өзіңіз қалайтын бақыт үшін адам өмірінің әр саласында жайлылық керек. Қандай сала дейсіз бе? Отбасында үйлесімді қарым-қатынас, жеке өмір, елдермен байланыс, денсаулық, бала-шаға, материалды тәуелсіздік, жайлы үй, жаныңа жақын жұмыс. Осылардың әрқайсына тоқталатын болсақ, бірталай тілектер тізімі шығып қалары анық. Сол себепті маңызды деген үшеуін таңдап, оны мақсатқа айналдырып және соған жетудің амалдарын қарастырамыз. Тілектеріңіз жинақы, мақсаттарыңыз айқын, амалдарыңыз қолжетімді болуы шарт.
Бізге жаңа өмір бастауға не кедергі?
Өз өмірлеріне көңілдері толмайтын жақындарыңыздан өміріңізді өзгертуге дайынсыз ба деп сұрайтын болсаңыз, олар көбіне былай жауап береді:
«Менің бірдеңе өзгертуге күшім, не мүмкіндігім жоқ»;
«Менің күнделікті өмірім минут, секундына дейін жазылған, менен не қалайсың?»;
«Қартайдық қой, бәрі кеш»;
«Маған кеңес беретіндей мен бірдеңені дұрыс істеп жүрген жоқпын ба, әлде бақытсыз көрінемін бе?»;
«Саған айтуға оңай, ал мен жұмыс істеуім керек, балаларымды асырауым керек»...
Мұндай сылтаулардың түр-түрін естуге болады, олардың басты мақсаты – өз-өзінен, өз қалауларынан жасырыну, іс-әрекеттерден қашу, яғни сол өзгерістерге жауапкершілік алмау.
Не істеу керек?
• Бір жыл – тым ұзақ мерзім және бұл біздің қырағылығымызды төмендетуі мүмкін. Әдетте қойған мақсаттарымызды ұмытып, кейінге қалдырып, ал сосын тіпті ұмытып кетеміз. Сондықтан 2-3 ірі мақсаттарды қойып, ал кейін қысқа мерзімге, мысалы екі-үш айға жоспарларыңызды күнтізбеге белгілеп қойыңыз.
• Мақсаттарыңызды болымды түрде және осы шақта құрыңыз. Болымсыз және күмәнді сөздер мен ойлар болмайтын болсын. Мысалы, «Мен жанымыз, мінезіміз үйлескен жігітті кездестірдім» немесе «Менің болмысыма сай жігіт мені сүйеді, ал мен оны сүйемін» деген сияқты. Барлық етістіктер осы шақта айтылуы тиіс, келер шақта емес. «Мен кездестіремін», «Сүйетін боламын», «Мені сүйетін болады» деген сияқты сөйлемдер жарамайды...
• Егер мақсаттарыңыз бірнешеу және бәрі өте маңызды болса, олар бір-біріне кедергі болады. Мұндай ұмтылыс денсаулығыңызға да әсер етуі мүмкін. Бір айдан кейін мұның бәрі қолжетімсіз екенін ойлап, бұрынғы әдетіңізге салып, «Мен тырысып көрдім ғой» деп өзіңізді ақтап алмақ боласыз. Алға сенімділікпен қарау керек.
• Алдыңызға орындалатын мақсат қойыңыз, бірақ оған біраз күш жұмсау қажет екенін біліңіз. Орындалмайтын мақсат сіздің еңсеңізді түсіруі ғажап емес, өйткені оны іске асыру үшін қолыңыздағы қор жеткіліксіз екенін түсінесіз. Мысалы: «Келесі жылы Алматының қақ ортасынан екі бөлмелі үй аламын». Егер сіз жылжымалы мүлік агенттігімен келісім-шартқа отырғалы жүрсеңіз, ал қолыңызда соманың тым құрығанда 60%-ы болса, онда бұл мақсатыңыз дұрыс. Ал бірақ, қазіргі таңда әдемі көйлектің бағасын көріп, безіп кетсеңіз, үй алу деген мақсатыңыз тіпті қияли екені рас. Сонымен қатар сенімсіз мақсаттар да нәтиже бермейді. Егер қатты үй ауыстырғыңыз келіп бара жатса, қалауыңызды сәл айлакерлікпен жолдаңыз, мысалы: «Осы жылы мен Алматының қақ ортасындағы кең бөлмелі үйге көшемін». Ал негізі туыстарыңыздың үйіне немесе үй жалдауға болады және т.с.с.
• Мақсатқа жету жолында бірдеңеден бас тарту қажет болуы мүмкін: бос уақытты теледидар алдында өткізуден, кафеде тирамисуға тапсырыс беруден, «барлық еркек оңбаған» сынды пікірталастардан.
• Жаңа жылдың бірінші күнінен сеніміңізді шектейтін ойлармен жұмыс істеу қажет. Бұл не? Бұл жағымсыз сезімдер, қоылыңыздан келмейді деп сендіретін әсерлер. Бойыңызға дендеп алған бұл ойлар сізге кедергі келтіретін болады. Біз оларға үйреніп алғанымыз сонша, солардың ырқына жығыла салуды оңай көреміз.
Мақсатты іске асырудың жауы:
- өз-өзіңді төмендете бағалау;
- толыққанды отбасында тәрбиеленбеу;
- өз бақыты үшін кінәлі сезіну;
- араласатын адамдардың болмауы және адамдармен араласуды білмеу;
- өз мүмкіндіктеріңді көрсетуге кедергі болатын психологиялық қанаушының болуы;
- біреумен қарым-қатынасқа тәуелді болу, бұл аяғыңызды тұсаулап, алға жылжуға кедергі болады;
- үшбұрыш махаббат сынды қарым-қатынастар. Мұндай кезде сіз уақытыңызды ғана жоғалтып қоймай, өзіңізге деген сенімділікті, өмірлік күш-қуатыңыздан айрыласыз;
- қарапайым жалқаулық және өміріңізді қолға алудан қашу, оданша сол өмірге зарланып, ағыспен жүзе беру оңай.
Сөзден - іске!
Жаңа жыл түні көзіңізді жұмып, барлық армандарыңыз орындалғандай, бақытты адам екеніңізді тұла-бойыңызбен сезініңіз. Және дәл солай болатынына сеніңіз. Сіз бақытты болуға лайықсыз! Іске – сәт!
Сурет: jo-jo.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина