Жаңа жылқы жылының табалдырық аттайтын тұсы да жақындап қалды. Жаңа жылды қарсы алуда бізді талай кештер мен көңілді отырыстар күтіп тұр. Ендеше сондай кештерде ханшайымдай құлпырып жүруге неге асықпаймыз? Бүгін Массагет сіздерге Жаңа жыл отырыстарында сізді ерекше сұлу етіп көрсететін сәнді шаш үлгілері жайлы айтпақ.
Естеріңізде болсын, кез келген сәнді шаш үлгісі үстіңіздегі киімге және кештің форматына сай болуы керек.
Егер шашыңыз ұзын болса оған көтеріңкі тұратын сәнді шаш үлгісін жасатқан әдемі көрінеді. Мысалы шашыңызды французша түйіп қойыңыз. Не болмаса классикалық қабыршақ тәрізді үлгіні жасатыңыз. Жоғарыда айтылған шаш үлгілерін бетіңіздің пішініне лайықтап жасауды ұмытпаңыз. Жоғарыға жиналған шашқа иығы ашық ұзын көйлектер сәйкеседі. Мұндай образбен классикалық кештердің өңін ашарыңызға күмәніңіз болмасын.
Тіпті жеңіл бұйра салынған шашты жинамауға да болады. Тек шашты қатты бұйралап алып жая салуға қызықпаңыз. Болмаса шашыңызды шаш кептіргішпен көтеріп жайсаңыз да жараспақ.
Егер сіз би кештеріне немесе әлдебір құрбыңыздың үйінде өтетін костюмді отырысқа жиналсаңыз онда сізге тез арада жасалатын шаш үлгілерін жасау керек шығар? Соңғы кездері қиғаштап жиналған шаш үлгілері мен француздық шаш үлгілері және "балық құйрығы" атты шаш үлгілері ерекше сәнге ие. Немесе шашты өріп, болмаса көпсатылы етіп жинап алуға да болады. Өрілген бұрымға сәнді әшекей немесе көйлектің түсіне сай сәнді бау тақса әдемі көрінбек.
Егер де шашыңыздың қайраттылғымен мақтана алмасаңыз «ат құйрығы» үлгісіне жүгініңіз. Жылқы жылы бұл шаш үлгісінің «саудасы жүрмек».
Тек дәл үйдегідей қарапайым ғана етіп жасай салудан қашыңыз. Шашты жинап болған соң оның ұштанып кетпегендігіне көңіл бөліңіз. Алдымен шашыңыздың ұшын тегістеп алыңыз. Сосын оны түзулеп жинасаңыз да дұрыс болмақ.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: instagram.com