2014 жыл – көкшіл жылқының жылы. Сондықтан биылғы жылғы мерекелік кештерге мамандар көк, көкшіл және жасыл түсті киімдер киюге кеңес береді. Онымен қоса ашық көк түс пен қайың түсі де, аспан түсі мен теңіз түсі де жарамды деп табылады. Сәнгерлер мерекелік отырыстарда осы түспен дайындалған киімдердің арасында сұр және басқа да жағымды түстердің болғанына қарсы емес. Тек басты түстерді көк түс етіп таңдап алуды естен шығармау керек. Әрине, егер биылғы жаңажылдық сәннің көшінен қалмаймын десеңіз ғана...
Жылқы – ақсүйек әрі мәртебелі жануар. Сондықтан биылғы жыл басқа жылдармен салыстырғанда әйелдер қауымы үшін өз мерекелік костюмдеріне салмақты жауапкершілікпен қарайтын жыл болмақ. Киіміңізден ешқандай мін табылмағаны жөн. Сонымен қатар ондағы артық заттар сіздің сәнді киіміңіздің әрін келтірудің орнына бар болмысыңызға жараспай қалмасын да алдын ала ойланыңыз.
Қандай көйлек таңдасаңыз да матаның сапасына аса мән беріңіз. Мата барқыттан, жібектен немесе жүннен болса да, оның сапалы болғаны жөн. Қанша әдемі әрі сәнді болса да синтетикалық матадан тігілген киімдерге қызықпаңыз. Оюмен немесе сәнді гүлдерімен сәнделген көйлектер сіздің дене бітіміңізді ерекше етіп көрсетпек.
Ал ер адамдарға дәл осындай түстегі галстуктер таққан жарасады. Қара-көк, қою көк түсті классикалық костюм мен мұқият үтіктелген жейде үйлеседі. Әрине, сауатты қиылған шаш үлгісі мен жылтыраған туфлидің орны өз алдына бөлек.
Егер сіз жай маталарға қызықпасаңыз, есіңізде болсын: табиғи былғарыдан жасалған киімдермен Жаңа жылды қарсы алғанның да әсері басқаша. Бәрі де сіздің талғамыңыз бен таңдауыңызға келіп тіреледі. Былғары киімдерді әдемі жинақы сөмкелермен және сәнді аксессуарлармен сәйкестендіру керек. Аяққа әрине, былғары етік немесе сәнді туфли киіңіз. Өкшесінің биік болғаны дұрыс.
Ханымдарға көйлек кию міндетті емес. Сәнді белдемшемен кеудешені үйлестірсеңіз де көріксіз көрінбейсіз. Тырысып тұратын шалбар мен жылтыры басымырақ кеудешеге де қызықсаңыз болады.
Киіміңіз жеңіл және романтикалық болғаны дұрыс. Айтпақшы, шаш үлгіңізді үстіңіздегі киімге үйлестіруді де естен шығармаңыз.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
сурет: elisty.ru, vk.com