Жаңа жыл – бөбектердің де, ересектердің де сүйікті мерекесі. Сағат он екіні соғысымен от шашуларға қарап тұрып, ескі жылдың келмеске кеткенін түсінеміз. Ертегіге сенбесек те, жүрегіміздің түкпірінде Жаңа жылдан бір сиқырды күтіп, бақыт тілейтініміз бар-ды. Сол себептен де, мерекеге тыңғылықты дайындаламыз. Үлкен құлшыныспен сыйлық таңдаймыз, ең сүйікті тағамдарды әзірлеп, жақындарымызды қуантуға асығамыз.
Және ес білгелі осылай жалғасып келеді. Ал сіз дәл осы уақытта әлемнің екінші бір бұрышындағы адамдардың мерекені қалай тойлап жатқандығын ойладыңыз ба? Олар әртүрлі емес, әртүрлі уақытта да мерекелейді. Мәселен, Парсы Жаңа Жылы 22 наурызға тура келеді. Наурыз аталатын мерекенің 2500 жылдық тарихы мен өзіндік қайталанбас дәстүрлері бар.
Жапонияда Жаңа жыл 1 қаңтарда атап өтіледі. Желтоқсан есік қағысымен қала көшелері жаңа жылдық ойыншықтарға, шыршаларға, Аяз Аталарға толады. Жаңа жыл түнінде ғибадатханада 108 соққы жасалады. Он екіден кейін барлық жапондықтар күле бастайды. Олар төрден орын алған жылға күлкі бақыт пен сәттілік әкеледі деп сенетін көрінеді. Олардың мерекедегі ең негізгі нышандары, бақыт бойтұмары – бамбуктен жасалған 10 см-1,5 м аралығындағы тырмалар. Бұндай тырма келер жылы бақытты жинап алу үшін әркімде болу керек.
Үндістер тұратын жерлеріне қарай Жаңа жылды әртүрлі тойлайды. Жебесі жанып тұрған жылан – басты нышан. Ол жанып біткенде Жаңа жыл басталады. Солтүстік Үндістан тұрғындары өздерін қызыл, күлгін, ақ түсті раушан гүлдерімен сәндесе, Оңтүстік Үндістанда аналар тәттілерді, гүлдерді, шағын сыйлықтарды салған табақтарды дайындайды, таңертең балалардың көздері байланып, сол табақтың жанына алып келінеді. Орталық Үндістанда сарғыш түсті жалаушалар ілінеді. Ал Батыс Үндістанда Жаңа жыл қазан айының соңында атап өтіледі. Бұл кезде үй шатырларына шағын шырақтар жағылады.
Грекияда тура сағат он екіде отағасы аулаға шығып, анар жемісін қабырғаға атады. Дәндері бақшаға шашырап кетсе, сол жылы отбасы берекелі, тату өмір сүреді. Грекияда Жаңа жыл мейірімділігімен танымал Ұлы Василий күні болып есептеледі. Балалар пеш түбіне аяқ киімдерін қойып, оған Ұлы Василий сый-кәде салады деп сенеді. Келген қонақтар өздерімен бірге дәу тас әкеліп, «үй иесінің байлығы осындай ауыр болсын» деп оны табалдырыққа тастайды. Ал кішкентай тас әкелген жағдайда «тіл-көзден сақтасын» деп тастап қояды екен. Грек халқы шампан мен шарапқа толы қоржын мен карта колодасын сыйға тартады.
Еврейлердің Жаңа жылын Рона Ашана деп атайды. Бұл – қасиетті уақыт. Адамдар жасаған күнәларын ойлап, келер жылы жақсы істермен жуып-шаюды уәде етеді. Балаларға міндетті түрде жаңа киім алып береді. Дәстүрлі нандарын пісіріп, жемістер жейді.
Вьетнам Жаңа жылы "Тэт" деп аталады. Ол 21 қаңтар-19 ақпан аралығында тойланады. Нақты күн жыл сайын өзгеріп отырады екен. Олардың нанымдары бойынша, әркімнің үйінде бір Құдай өмір сүреді және ол осы күні өткен жылы отбасы мүшелерінің не істегендерін айту үшін көкке көтеріледі екен. Жаңа жыл басталғанда алғаш болып үйге кірген адам бақыт немесе бақытсыздық әкеледі деп ойлайды.
Аустралияның Жаңа жылы экзотикалық түрде өтеді дер едік. Қар, шырша, бұғы сынды мереке атрибуттары жоқ. Ондағы Аяз Ата Сидней жағалауына су киімімен келеді. Дәстүр бойынша оның киімінде ақ сақал және қызыл қалпақ болады.
Болгарияда Жаңа жылды бүкіл отбасы мүшелері жиналып, мерекелік дастархан басында қарсы алады. Үйдің кенжесі шырша жанына барып, ән айтып, келген қонақтардың көңілін көтереді. Риза болған қонақтар оған сыйлықтар береді. Жаңа жыл уақыты келгенде, жарық сөніп, үш минутқа созылатын жаңа жылдық сүйісуге кезек беріледі. Сүйісудің сырын тек қараңғылық біледі деп есептейді. Содан кейін отанасы сыйға толы тәтті бәлішті кеседі. Егер де тиын түссе, байлық, раушан бұтағы түссе, махаббат болады деп болжайды. Бұндай сыйға толы дәстүрлер Австралия мен Румыния елдерінде де бар.
Испанияда қонаққа барған кезде сый қоржынына міндетті түрде шампан мен нуга кесегін салу керек. Жаңа жыл Испанияда қоғамдық мереке болып табылады. Түнгі уақытта салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды пір тұтатын жандар шырша жанындағы жүзімнен ауыз тию үшін орталық алаңға жиналады. Жаңа жыл келгенде олар асығыс 12 жүзімді жеп, іштерінен армандарын айтады. Тез арада жеп біткен жағдайда, арман орындалады деген наным бар. Ал үйде қарсы алған жағдайда, әр тәрелкеге жүзім салып қояды.
Жаңа жыл түнінде Рио де Жанейроның тұрғындары мұхитқа шығып, Теңіз құдайы Йеманжаға ғибадат жасайды. Адамдардың барлығы ақ киім киіп, оған гүлдер, ақ шырақтар, иіссулар, айна, әшекей бұйымдарды сыйға тартады. Сыйлықтардың барлығы шағын қайықшаларға салынып, өткен жылға рақмет ретінде суға жіберіледі. Ақ киімнен басқа, денсаулықты білдіретін алқызыл, үмітті нұсқайтын жасыл, махаббаттың нышаны қызыл, берекенің белгісі сары немесе алтын түсті киімдер де киіледі.
Венгрияда Жаңа жылдың алғашқы секундтарында адамдар ысқыра бастайды. Қолымен емес, балаларға арналған ойыншықтарды қолданады. Олардың ойынша, ысқырықтың дауысы теріс күштерді қуып, қуаныш пен бақыт шақырады. Дастарқандарына фасоль мен асбұршақ (жан мен тәнді сақтаушы), алма (сұлулық пен махаббат күзетшісі), жаңғақ (кедейліктен сақтайды), сарымсақ (аурудан сақтайды), бал (өмірді тәтті етеді) қояды.
Дегенмен, бәріне ортақ бір нәрсе бар, ол – қуаныш, отбасымен бірге көңіл-көтеруі, түзу ниет, жақсылыққа деген сенім. Ендеше, ештеңені жатсынбастан, Жаңа жылда жаңа бақытқа, жаңа табысқа жете берейік!
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: vk.com