Жаздың аптапты ыстық күндерінде шыжып жүргеніміз кеше ғана секілді еді, міне қылышын сүйреп қыс та келіп үлгеріпті. Алдымызда қытымыр қыстың ең көңілді мерекесі қол бұлғап шақырып тұр. Демек, Аяз Атаны жиі ауызға алатын күн де алыс емес деген сөз.
Аяз Ата демекші, бір кездері өзіміз де осы бір бейтаныс кейіпкерге имандай сеніп едік. Жаңа жыл жақындағанда Аяз Атаға арнап небір тақпақтар жаттайтынбыз. Ал бүгінде іні-қарындастарымызды "жақында Аяз Ата келеді" деп алдап жүрміз. Сонда Аяз Ата деген кім? Ертегі кейіпкері ме? Тілектерді орындаушы ма? Жо-жоқ! Сіз қателестіңіз. Өздеріңізге әзірлеген бүгінгі жазбамыз арқылы сұрағымызға кеңінен жауап бермекшіміз.
Бәзбіреулер Санта Клаус пен Аяз Атаны атаулары бөлек болғанымен заты бір қаһарман деп ойлайды. Бұл мүлде дұрыс емес. Аяз Ата – ежелгі рух, қыстың, аяз бен ызғырықтың билеушісі. Оны кейде Трескун, Позвизд, Карачун деп те атайтын болған. Ал Санта Клаус – V ғасырда Грецияда өмір сүрген Николайдың прототипі болып табылатын ойдан шығарылған кейіпкер. Қысқасы, Аяз Атаның кім екендігін түсіну үшін Қыдыр атаны есіңізге түсірсеңіз жетіп жатыр.
Аяз Жаңа жыл мерекесін тойлау дәстүрі пайда болмас бұрын бар болған қаһарман. Бағзы замандарда жер бетін мекендеген барлық адамдар өлген адамдар өзінің тайпасын қорғап, жақсы ауа-райы мен мал-жанды қамтамасыз етеді деп сенген. Осы көмектеріне алғыс айтып және келер жылы да бізді ұмытпасын деген ниетпен Жаңа жыл түні оларға арнап сыйлықтар әзірлеген екен. Ауыл жастары осы түні әртүрлі бетперделер киіп көшеге шығып, Аяз Атаны күтетін болған. Үлкендер Аязға арнап тағамдар пісіріп, далаға шығарып қояды екен. Мұның себебі - ол бастапқыда өте қатал, жауыз, адамдарға үскірік борандар жіберіп, мұз етіп қатырып тастайтын жағымсыз кейіпкер болған.
Бір қызығы, біздің ұғымымыздағы Аяз Ата сыйлық алатын емес, керісінше сыйлық әкелетін тұлға. Ғалымдар осы түсініктің қашан, қалай пайда болғандығын нақты айта алмай отыр.
Аяздың мекен-жайы:
Бұл туралы ел аузындағы аңыздардың көптігі соншалықты Аяз Атаның қай жерді мекен ететіндігін дөп басып айту өте қиын. Біреулер оны Солтүстік полюстен келеді десе, екіншілер Лапландияның тұрғыны деп айтады. Бір анығы, оның мәңгі қыс болып тұратын солтүстік мекендерде тіршілік ететіндігі. Нақтырақ айтсақ, оның қазіргі ұясы – Ұлы Устю атты қала екендігі дәлелденген.
Ақшақар
Аяздың сенімді серіктерінің бірі - Ақшақар атты ару қыз. Ақшақар - әрбір елде кездесе бермейтін кейіпкер. Көбіміз оны кішілерге Аяз Атаның немересі деп таныстырып жатамыз. Шынында да немересі ме? Бұл жөнінде таластар өте көп.
Бұл туралы ел аузындағы аңыздар былай деп сыр шертеді. Ықылым замандарда адамдар өздерінің ең сұлу қыздарын орман елестеріне құрбандыққа беру үшін ағаштарға байлап кете болған. Аязға үсіп қалған қызды қорек еткен жауыз күштер сол жылы сұрапыл дауылдарды жібермейді екен. Бір күні дәл осындай құрбандық үшін байланған қыз тірі қалады да, Аяз оны өзіне әйел етіп алады.
Кейбір аңыздар Аяз Ата Ақшақарды мұз бен қардан жасап алған дегенді айтады.
Бұл деректердің қайсысы ақиқат, қайсысы аңыз екендігін ешкім дөп басып айта алмайды. Сөйтсе де, Аяз Ата мен Ақшақар біздің бөбектеріміздің асыға күтетін мейірімді кейіпкерлері болып қала бермек.
Суреттер:lifesecrets.in.ua,kalugacity.com,poltava.do-ua.com
Дайындаған: Айгерім Сматулаева