Жаңажылдық тілектер

Жақсы сөз - жарым ырыс. Алдағы келе жатқан жаңа жылда туған-туыстар мен жақын адамдарға қуаныш сыйлаудың бірі - тілек айту! Назарларыңызға жаңа жылға арналған тілектер топтамасын ұсынамыз. 

1. Баяғыда бір жақсы адам өмір сүріпті. Өзі жомарт, қайырымды әрі асқан ақылды адам екен. Жасы жүзге жеткенде, әлгі адам қатты сырқаттанып қалыпты. Ажалды күтіп, бүк түсіп үйде жатқанда, бір күні оның есігін біреу тақылдатып қағыпты. "Бұл кім?" деп сұрапты жақсы адам. "Мен – Махаббатпын, саған көмектесейін деп келдім, есігіңді аш," - депті қонақ. Жақсы адам оған: "Махаббат, сенің маған керегің жоқ, көмектесе алмайсың рақмет, қайта бер"  деп, есікті ашпапты. Біраздан соң, есікті тағы біреу тақылдатыпты. "Кімсің?" деген сұраққа ол: "Мен – Байлықпын! Сендей жақсы адамға көмектесуге келдім. Ауруыңды емдей алам ба?" деп жауап беріпті. Жақсы адам: Рақмет, Байлық, сен маған керек жоқсың енді деп, есікті ашпапты. Біраздан соң, тағы біреу ақырын ғана қағыпты. "Кім бұл?" деп сұрапты жақсы адам. "Мен – Денсаулықпын, парасатты адам!" – депті есіктің сыртындағы қонақ. Жақсы адам сүйретіліп барып, есікті ашып жіберсе, ар жағында үш жігіт тұрт дейді. Денсаулық, сен біреу емессің бе? Мыналар кім? – деп таң қалыпты жақсы адам. Сонда: "Денсаулық болған соң, біз де боламыз ғой міндетті түрде" деп, Байлық пен Махаббат жымиып күліп, Денсаулықтың екі қолынан ұстап, босағадан кіріп келе жатыпты.

Құрметті достар, Жаңа жылда бәріңіздің шаңырақтарыңызға дәл осылай денсаулық, махаббат және байлық үшеуі бірдей қол ұстасып кіріп келсін және ешқашан қайтып шықпасын! Жаңа жыл құтты болсын!

2.            Мезгілдері жаңарған

             Ескіргенін елейтін,

             Алдағы жыл – ақ арман,

             Ассалаума-ғалейкум!

 

             Басталарда жаңа әлем,

             Құйылады жаңа нұр.

             Жүрекке арман бөлеген,

             Қош келіпсіз, Жаңа жыл!

 

             Жаңа жылым – әсемсің,

             Гүл өндірер түзге де.

             Әр сәті Бақ әкелсін,

             Достар, достар бізге де!

 

3. Халық арасында « Ескі жылдың қайғы- мұңын, өкпе-наздың  барлығын сол жылға тастап, кіріп келе жатқан Жаңа жылды көтеріңкі көңіл-күймен, таза, тың ойлармен қарсы алу керек. Әрбір кірген жаңа жылдың өзінің дайындап отырған  қуанышы, бақыты, сыйы болады» деген сөз бар.

Достар, біз де өкпе-назымызды, өкініш-мұңымызды, қиындық сезінген сәттерімізді бір сәт естен шығарып, ескі жылға қалдырып, Жаңа жыл табалдырығын махаббатпен, мейіріммен аттайық, бізді алда тек қана қуаныш пен бақыт күтіп тұр деп сенейік. Жаңа жылда үйлеріңіз нұрға, құшақтарыңыз гүлге толсын!

4. Қымбатты достар, қонақтар! Міне, Жаңа 2013 жыл да келді. Ал 2012 жыл біздің тарихымыздың  бір бөлшегіне айналды. Жаңа жыл біздің әрқайсымыз үшін ең қуанышты да тебіреністі мереке. Біз алдағы күндерге артқан үмітімізді онымен тығыз байланыстыра отырып, жаңа жылдың міндетті түрде аса мол жарқын және бақытты күндер сыйлайтынына, барлық бастамаларымызға сенімді серпін беретініне сенеміз.

5. Ақ көңілім айналды аппақ қарға,

       Көңілдене қосыл сен ән мен жырға

       Қыс қызығы басылмай ұласады,

       Қуаныш көп болсын жаңа жылда.

6. Адам баласы жаңа жылдан көп жақсылық күтеді, жаңа жылға көп үміт артады. Армандарыңыз бен тілектеріңізге қосылып, алдағы жылда денсаулығыңыз мықты, бақытыңыз үстем болып, күш-қуатыңыз таусылмасын, қанатыңыз талмасын деп тілейміз. Өткенге риза болып, жаңа жылға бәріміз таза ниетпен, нық қадаммен аттайық. Жаңа жылға елмен бірге жаңа табыстарға жете берейік.

7.    Қағып тұр Жаңа жыл кеп есігіңді,

       Болмайды той-думанның кеші мұңды.

       Жаратқан түгел қылып берсін сенің

       Бақыт пен ырысыңды, несібіңді!

 

      Ашылып ғасырдың бір ақ парағы,

      Өзіңе Қыдыр дарып, бақ қарады.

      Жаңа жыл берекелі жыл боп кірсін

      Табысқа бастап сені асқаралы!

 8. Жаңа жыл  қашанда әр адамның жүрегіне жаңа үміттер мен аппақ армандар ұялататын, ғажайып қиялдарға қол создыратын ең сүйікті мерекеміз. Барша адамзат бұл күні өткенді ой елегінен өткізіп, саралап, Жаңа жылға таза ниетпен, болашаққа деген нық қадаммен аттағанды қалайды. Келер жылда отбасыңызға  құт-береке, қызметіңізге өрлеу тілеймін. Денсаулығыңыз күйлі-қуатты, бақытыңыз баянды, көңіл-күйіңіз тамаша болсын. Алдағы жыл сізді тек оң өзгерістерімен, ұмытылмас сәттерімен, қызықты кездесулерімен қуантсын. Ортақ шаңырағымыздың жарқын келешегі үшін еңбектеніп жүрген барша қазақстандықтарымызға бейбіт өмір, тыныштық, мол жақсылық тілеймін.

 9. Бұл күн болмыстағы бояудың барлығын үміттен, қуаныштан, махаббаттан алып, айналаға нұр болып шашылып, әр шаңыраққа шуақ болып тарайды. Қай-қайсымызды болса да, осы мерекелік кештен келесі жылға дейін үмітпен жетелеп отырады. Жаңа жыл әрбір шаңыраққа құт, береке, ырыс алып келсін!

 10. Келер жыл Сіздерге қуаныш, жаңа ұмытылмас әсерлер мен үкілі үміттер сыйласын. Ұлу жылы ұшқыр арман-қиялдарыңыз бен ақ тілек ниеттеріңіз орындалатын жарқын да көңілді, табысты әрі мақсатты жыл болуын тілеймін.  Сәтсіздіктер өткеннің еншісінде қалып, өкпе-реніштер ұмытылып, достық пен сүйіспеншілік дәуіріне жол ашылғай. Барлық бастамалардың бағы жанып, сүйікті ісіңіз қанағат әкелсін, жаңа білімдерге, жаңаша тәжірибеге, биік кәсіптік белестер мен асқар асуларға жетелесін. 

Алдағы жыл әр адамның жұлдызы жоғарылап, абыройы артуына мол мүмкіндіктер туғызып, өмірімізді мәнді оқиғаларға, татулық пен жасампаздыққа толтырғай! Баршамыздың тасымыз өрге домалап, отбасылық  бақытқа кенелейік, жан жылылығына бөленейік!

Жаңа 2013 жыл құтты болсын! Мейірім сәулесі мен шапағат шуағы молынан болғай!

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет stlucy.ru мен Аян Жолдасбектің блогынан алынды