Лазанья - итальян халқының дәстүрлі тағамы. Өте тойымды бұл тағам үлкен отбасы үшін Жаңа жыл дастарханының басты тағамына дәл келеді. Дайын лазанья қамырлары қазір кез келген дүкенде сатылатындығына байланысты, бұл тағамды даярлау қиынға соқпайды.
Құрамы:
тартылған ет - 1 кг; лазанья қамыры - 300 гр; қызанақ - 3 дана; пияз - 1 дана; сәбіз - 2 дана; сүт - 1 л; сары май - 100 гр; ұн - 100 гр; ірімшік - 300 гр; сұйық май; тұз, бұрыш.
Тартылған етті сұйық майға 5-10 минут қуырамыз.
Майдалап туралған пиязды қосамыз.
Үккіштен өткізілген сәбізді қосып, тұздап, бұрыштап 20 минутқа қалдырамыз.
Осы уақытта қызанақтарды қабығынан ашып, тураймыз.
Қызанақтардан блендердің көмегімен езбе жасаймыз.
Оны қуырылған етке қосамыз. Тағы да 5-10 минут қуырамыз.
Тұздық жасаймыз. Кішкентай ыдысқа сары майды ерітеміз.
Оған ұнды қосып, жақсылап араластырамыз.
Ұнға сүтті біртіндеп қосып, араластырып тұрамыз. Бір қайнағанын күтіп, отын басып қоямыз. Тұздауды да ұмытпаңыз. Қоюланған кезде өшіреміз.
Пісіретін ыдысқа лазанья қамырын жаямыз.
Үстінен етті салындының жартысын саламыз.
Дайындаған тұздықтың 1/3-ін құямыз.
Үстінен ірімшікті үккіштен өткіземіз.
Соңғы 3 қадамды қайталаймыз. Яғни, лазанья қамырын жайып, етті салындыны, тұздықты, ірімшікті қайта саламыз.
Үстін қамырмен жауып, қалған тұздықты құямыз. Пісіру пешіне 180 градусқа 45 минутқа қоямыз.
Лазанья дайын. Ас болсын!
Дайындаған: Сания Аринова