Жаңа Жылдың тарихы

Жаңа жыл... Осы бір жеті әріптен құралған шағын ғана сөзде қаншама қуаныш пен шаттық жатыр десеңізші? Аталған мереке баршамыздың жадымызға жаңа үміт, жаңа сенім ұялатып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды, өзімізді тап бір ертегі қаһармандарындай сезінуімізге мүмкіндік береді. Ал сыйлықтар туралы айтпаса да түсінікті шығар... Көз алдымызға бала шақтың балдай тәтті елестері келіп, Аяз Ата мен Ақшақарға шын жүректен сеніп, тілек тілегіміз, тіпті хат жазғымыз да келеді. Кейбіріңіз бұл сөзіммен келіспеулеріңіз мүмкін, алайда, мұның бәрі де әрбіріңізге таныс, жүректер түбінде жатқан сезімдер екендігіне күмәнім жоқ. Бәріне де кінәлі – Жаңа Жыл.

Көзіңізді ашқалы жоғарыдағы сезімдермен дос болып, жыл сайын отбасыңызбен түнгі он екіні қарсы алып, мерекені тойлап келесіз. Ал сіз бір сәт болсын «Бұл қандай мереке?», «Неге мереке дәл осы күні тойланады?», «Мереке қашан және қалай пайда болды?» деген сауалдарға жауап іздеп көрдіңіз бе? Іздедіңіз, бірақ таппадыңыз ба? Ендеше мереке қарсаңында сұрақтарыңызға жауапты біз беретін боламыз.

Жаңа жыл мерекесінің тарихы осыдан 25 ғасыр уақыт бұрын басталған екен. Бәрін басынан бастағанымыз жөн болар.

Есте жоқ ерте заманда адамзат баласы жаңа жылдың басталу уақытын табиғаттың жаңарып, жандана бастайтын көктем мезгілімен байланыстырған. Табиғат-Ана жасыл көрпесін жамылып, тіршілік атаулыға жан бітіп, қысқы ұйқыдан ояна бастағанда күллі жұрт жаңа жыл басталды деп, мәз-мейрам болып, мерекелейтін болған деседі.

Бұл дәстүрдің қаймағының бұзылуына себепкер болған Юлий патша. Б.з.б. 46 жылы римдік Юлий Цезарь жаңа күнтізбе жасап шығарады. Біз оны қазір "Юлиан күнтізбесі" деп атап жүрміз. Күнтізбе 1 қаңтардан басталатын болғандықтан, жаңа жылды қарсы алу дәстүрі дәл осы күнге ауыстырылады.

1700 жылы орыс патшасы Петр І көктем мезгілінде тойланып келе жатқан Жаңа жыл мерекесі еуропалық салт бойынша 1 қаңтарда атап өтілсін деген бұйрық шығарады. Ол бүкіл халыққа үйлерін қарағай, шырша жапырақтарымен безендіруге ұсыныс жасайды. 1700 жылы сағат 12-де патша Қызыл алаңға қолына факел ұстап шығып, аспанға алғашқы отты шашады да, мереке басталып кетеді. Яғни атағы жер жарған Петр І патша соғысу өнерін жақсы меңгеріп қана қоймай, жақсы да көңіл көтере білгені ғой...

Ендеше қыстың ең көңілді, ең қызықты мерекесі құтты болсын, ағайын!

 Суреттер:visitkmv.ru,prazd.info

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева