Жаңа Жылды көңілді қарсы алудың 5 тәсілі

Жаңа Жыл қайтсе есте қаларлықтай болып өтеді? "Еее, мен пәленшесінші жылда Жаңа Жылды осылай қарсы алғам!.." деп айтып жүрерліктей Жаңа Жылды қарсы алу өз қолымызда. Ендеше, неге дәл осы жыл табалдырықтан аттаған кезде өз-өзімізге ұмытылмас әсер сыйламасқа?

Бірінші тәсіл:

Сәнді киім

Жаңа Жылдың ажарын ашатын - түрлі сәнді киімдер. Сәнді киімді тек өзіңіз киіп қана қоймай, кіммен қарсы алсаңыз, соларды да киіндіріп қойыңыз. Отбасыңызбен бірге қарсы алатын болсаңыз, отбасының әр мүшесіне арнап киім ойластырыңыз. Достарыңызбен қарсы алмақ болсаңыз да, солай. Кім қандай киім киетінін алдын ала сұрастырып, біліп алыңыз. Сондай-ақ бетті әрлеп бояу арқылы да мерекелік көңіл-күй орната аласыз. 

Екінші тәсіл:

Ойындар 

Гүлдей жайнаған дастархан басына отырып, қарынды тойғызып алдыңыз делік. Енді не істейсіз? Осылайша құр отырып қалмас үшін қызықты ойындар құрап қойыңыз. Ойындар ешкімнің көңіліне келмейтіндей сәтті құралсын. Ойын үстінде біреуді ренжітіп алып жүрмеңіз. Басқа-басқа, дәл Жаңа Жылы біреуді ренжітіп алсаңыз не болмақ? Сол себепті ойындарды айналадағы адамдардың болмысымен байланыстыра отырып құрастырғаныңыз жөн. 

Үшінші тәсіл:

Безендірулер


Безендіруге білек сыбана кірісіңіз. Үлкен болсын, кіші болсын шырша сатып алып, оны безендіріп алыңыз. Бар өнеріңізді салып, бір сәт бала кейпіне еніп, қиялыңыздағы шыршаны өз қолыңызбен жасап шығыңыз. Үй ішін де қиялыңызбен ұштастыра отырып әдемілеңіз.     

Төртінші тәсіл:

Сыйлықтар

Сыйлықсыз мереке бола ма? Сыйлықты мейрамды кімдермен қарсы алсаңыз, солардың бәріне бірдей беріп шығуыңызға кеңес береміз. Қалтаңыз көтергенше дүкеннен сатып алып, ар жағын қолдан жасай аласыз. Бастысы сыйлықтың қымбат, арзаны емес, шын көңілден шыққандығы емес пе? 

Бесінші тәсіл:

Тәтті тілек

Кімге не айтатыныңыз туралы алдын ала он ойланып, мың толғаныңыз. Тілегіңіз көркем болса, тіпті жақсы. Ал қара сөздің жілігін шағып, майын ішкендердің қатарынан болмасаңыз, уайымға салынбаңыз. Бастысы тілегіңіз де шын жүректен шықса болғаны. Ғаламтордан төрт жол құттықтау өлең жаттап алсаңыз, артық етпейді. 

Жаңа Жыл жақсылығын жетектей келсін!

Сурет: mobilmusic.ru, art-mayster.blogspot.com, nashasvadba.net, viva-lady.ru

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова