- Негізгі бет
- Жаңа жыл 2013
- Жаңа жылда жалғыз...
Жаңа жылда жалғыз қалсаңыз...
Жаңа Жыл – күллі әлем жұртшылығы тойлайтын дүбірлі мереке ғана емес, барша отбасын бір дастархан басына жинайтын үлкен бір күш десе де болады. Сондықтан да отыз бірінші желтоқсан күні адамдардың барлығы шұғыл жұмыстарын тастап, үйлеріне қарай асығады. Өкінішке орай, сіздің бұл күні қағатын есігіңіз, мейірімге шомылдырар отбасыңыз жоқ. Жоқ емес, олар сізден жырақта. Белгілі бір себептерге байланысты өзге қаладағы (ауылдағы) үйіңізге кете алмай қалдыңыз. Жығылғанға жұдырық, жақында жігітіңізбен де ренжісіп қалғансыз. Ал құрбы-құрдастарыңыз баяғыда-ақ Жаңа жылды өз жанұяларымен қарсы алуға қайтып кеткен. Теледидарды қоссаңыз, бәрі де мәз-мейрам болып мерекеге дайындалып жатыр, көшеге шықсаңыз, жұрттың бәрі қолдарына сыйлық алып, әйтеуір асығып бара жатыр. Ауладағы сәбилер де аққала соғып, шат-шадыман күлкіге бөленіп жүр. Ал сіз – жалғызсыз. Көңіл-күйіңіз де түсіп кеткен...
Мұныңыз не? Санаулы минуттардан кейін ескі жылдың есігі жабылып, Жаңа жыл төрден орын алмақ! Мұндай керемет сәтті қалайша бос өткізуге болады. Оның үстіне Жаңа жыл сіздің сүйікті мерекеңіз емес пе? Оны да ренжіткіңіз келе ме? Мұныңыз жарамайды. Еңсеңізді көтеріңіз! Бізбен бірге мәңгі естен кетпес мерекені өткізетін боласыз. Ендеше, бастаймыз!
Қарапайым күндерде өзіңізге бір күніңізді арнап, жан дүниеңізге тыныштық сыйлайтын әуезді әуен тыңдап, басыңызды қатырып жүрген барлық мәселелерден бір сәт өзіңізді алыстатып, алаңсыз демалуды ойлап жүрдіңіз бе? Сол сәттің уақыты жетті. Неге дәл бүгін - жаныңыз бен тәніңізге осы сыйды тарту етпеске?
Ең алдымен үйіңізді айнадай етіп жылтыратып тазартып шығыңыз, керек емес заттардың бәрін қоқысқа жіберіңіз. Көзден кеткен жігітті еске салатын барлық естеліктерді ескі жылда қалдырғаныңыз жөн. Үйіңізді әдемілеп безендіріңіз. Көңілді әуен қосып қоюды ұмытпаңыз.
Үйіңіз мұнтаздай таза болған болса, айнаға қараңызшы. Мұқият қараңыз. Сізге не жетіспейді? Қасыңыз өсіп кеткен бе? Әлде шашыңыздың үлгісін өзгертіп немесе бояу керек пе? Киініңіз де, сұлулық салонына қарай жол тартыңыз. Бәрімізге Жаңа жылда жаңа өзгерістер керек.
Білесіз бе, кейде сондай бір іс-әрекеттер болады, егер сіз оларды жасай қалсаңыз, жан дүниеңіз жасарып, мәңгі естен кетпес, ерекше бір бақытқа кенелесіз. Біреуге жақсылық жасап, көмек қолыңызды созсаңыз, көңіліңіз ерекше сезімге бөленіп, жүзіңізге күлкі ұялатады. Өкінішке орай, кез келген жан қайырымдылық жасауға ықыласты бола бермейді. Әйтсе де, осы күні жылына бір рет қана біреуге жақсылық жасасаңыз, әлемнің жарқырай түсуіне өз үлесіңізді қоса аласыз!
Көйлек аламын деп сақтап қойған ақшаңызды, мейлі ол мардымсыз болсын, қайырымдылыққа қисаңыз, біреудің өмірін сақтап қалуыңыз да мүмкін. Ол ақшаны ауруларға арналған қайырымдылық қорына немесе жетімдер үйіне аударыңыз.
Немесе өзіңіз танитын қарт кісілердің үйіне бас сұғып, мерекемен құттықтап шығар болсаңыз, көңілдері бір марқайып қалары анық. Есесіне тұшымды әңгімелерге қанып, рухани байып қаласыз.
Содан кейін, келер жолда дүкенге соғыңыз. Отбасы мүшелеріне сыйлық алуды ұмыт қалдырдыңыз. Мейлі, олар дәл қазір жаныңызда жоқ болса да, бұл сыйлықтар жадыңызды жадыратады, көңіліңізге жақында оларды көремін деген үміт ұялатады. Өзіңізге де сыйлық жасауды ұмытпаңыз.
Азық-түлік дүкеніне бас сұғыңыз да, керек-жарақтарыңызды сатып алып, үйіңізге келіп бүкіл өміріме жетеді-ау деген мөлшерде алуан түрлі тағамдар әзірлеңіз. Өміріңізде жасап көрмеген жаңа мәзірлерді таңдаңыз. Бәрін де махаббатпен жасауға тырысыңыз.
Ескі жылдан қалған жараларды, өкпе-наздарды жуып-шаю сіздің қолыңыздан келмейді. Есесіне тәніңізді тазарта аласыз. Ол үшін өз ваннаңызға хош иісті шырақтарды қойып, суды гүл жапырақтары мен тұзға толтырып, әсем әуенді қосып қойыңыз, сонымен қоса, өзіңізбен бірге дәмді шоколадтарды ала кіріңіз.
Ваннадан шыққан болсаңыз, өзіңіздің сүйікті киіміңізді киіп, сүйікті әтіріңізді сеуіп диванға жайғасыңыз. Қолыңызға ұялы телефоныңызды алыңыз да, хабарлама жазуды, қоңырау соғуды бастаңыз. Ренжітіп алған таныстарыңыздан кешірім сұрап, сізді ренжіткендерді кешіруге талпыныңыз. Өмір деген тым қысқа, мұнда өкпе-наз, реніш, ашуға орын жоқ. Және өзіңіз жақсы көретін адамдарға телефон соғып, ыстық тілектеріңізді жеткізіңіз.
Сағат тілі санаулы минуттардан кейін он екіні көрсетпек... Не тұрыс? Дастархан жасаудың қамына кірісіңіз. Келер жылды қандай керемет етіп өткізгіңіз келеді, дастарханыңыз да дәл сондай болсын.
Көптен күткен сәт. Шырақтарды қолыңызда ұстап, президент құттықтауын естіп сіз тұрсыз. Секундтар қалды. Дәл он екі болғанда ата-анаңызға, туған бауырларыңызға телефон шалыңыз. Сіздің олардан жақын, олардан артық кіміңіз бар?! Барлық жүрекжарды тілектеріңізді соларға айтып, қолыңыздағы шырақтарды атуға кірісіңіз.
Жаңа жылды ойдағыдай қарсы алып болсаңыз, жылы алашаға оранып, теледидарды қосыңыз да, өзіңіз алдын ала дайындаған фильмдерді немесе көңілді бағдарламаларды тамашалаңыз.
Сізді көп ұзамай тәтті ұйқы құшағына алатындығын білеміз. Түсіңізде келер жылғы Жаңа жылды бірге қарсы алатын ақ боз атқа мінген ханзада көрінер деген ойдамыз. Қалай болғанда да, көрген түсіңіз тәтті, келер жылыңыз сәтті болсын!
Суреттер: goodfon.ru, wpapers.ru, joyreactor.cc
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева