- Негізгі бет
- Жаңа жыл 2013
- Жаңа жыл: Үнемдеудің...
Жаңа жыл: Үнемдеудің жолдары
Жаңа жыл қарсаңында мереке тойлаушы қауымның шығыны ұлғаяды. Сыйлықтар, азық-түлік, мерекеге арнайы тігілетін киімдер, безендіру жұмыстары қалтадан қағады. Осыған орай, мерекелік күндері ақшаны үнемдеудің бірнеше жолын ұсынамыз.
Алдымен ас мәзірін құрып алыңыз. Оны мерекеге бірнеше күн қалғанда ойластырып, қажетті азық-түлік тізімін жазыңыз. Үстел тартымды әрі дәмді, отбасының әр мүшесіне жететіндей, тіпті ертеңгі күнге де қалатындай болуы үшін бірнеше қулықтарға баруға тура келеді. Ас мәзірлерінде көрсетілгендей етіп, әрбір тағамға қосылатын ингредиенттердің мөлшерін, грамына дейін өлшеп алған дұрыс. Базар немесе дүкендегі азықтардың бағасы шамамен қанша екенін еске алып, ортақ сомасын шығарып алыңыз. Егер қаржы мөлшері сіз ойлағаннан асып кетсе, бағасы қалта көтермейтін азықтарды, басқа азық-түліктермен ауыстырудың жолдарын қарастырыңыз. Сол сияқты, жемістер мен көкөністерге, шырындар мен сусындарға да үнемдеуге болады. Мысалы, шырындардың түрлері өте көп. Жартысын қымбатынан, жартысын арзанынан алыңыз. Жемістерді де бір дастарханға жетерліктей ғана алыңыз.
Жаңа жыл мерекесіне қарсы базар бағаларының өсетіні анық. Соған орай, мереке жақындамас бұрын, ұзақ мерзім сақтауға шыдайтын азық-түліктерді сатып алып қойған жөн. Олардың қатарына тауық еті, мал еті, жұмыртқа, консервілер, өсімдік майы, қант, тұз, майонез, кәмпиттер мен тәттілер, сусындар кіреді. Бұл азық-түліктер тоңазытқышта ұзақ уақыт сақталады, әрі бұзылмайды. Сондықтан, алдын ала алынып қойса, қалта мен уақыт жағынан үнемдеу болады.
Маркетингтік жарнамаларға сене бермеңіз. "Жылтырағанның бәрі алтын емес" демекші, жарнамада көрсетілген азықтардың бәрі бірдей сізге қажет емес. Қағазда жазылған тізімге қарай отырып, нақты қажет азықтарды ғана сатып алуға тырысыңыз. Базарға шықпастан бұрын, тоңазытқышта не бар екенін анықтап алыңыз. Бұл артық зат сатып алмаудың алдын алады.
Дүкендер мен базарларда мереке қарсаңында арнайы акциялардың жүретінін есте сақтаңыз. Төмен бағалармен сату немесе арнайы ұсыныстардың көмегімен де, біраз ақшаны үнемдеп қалуыңызға әбден болады.
Саудаласыңыз. Мұның еш ұяты жоқ. Жаңа жыл қарсаңында, мерекелік көңіл-күймен сатушыға құттықтау сөздерін жаудырып, жылы тілектеріңізді білдіріп, бағаларды төмендетіп беруін сұраңыз. Бұл отбасы бюджетін үнемдейді.
Жаңа жыл құтты болсын!
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: positivcheg.ru
С. А