- Негізгі бет
- Жаңа жыл 2013
- Әріптестермен жаңажылдық отырыста...
Әріптестермен жаңажылдық отырыста өзіңізді қалай ұстайсыз?
Әріптестермен Жаңа жылды атап өту кешін Жаңа жылдан артық болмаса, кем күтпейміз. Бұл кеш сәнді көйлек киіп, әріптестермен бейресми жағдайда әңгімелесудің, Жаңажылдық көңіл күйді сезіну мүмкіндігі. Алайда жұмыстың аты жұмыс, ол кеште артық кетіп, басшылықтың көзіне жаман түсіп қалсаңыз ше?
Бірінші туындайтын сұрақ: Әріптестермен жаңажылдық отырысқа бару керек пе? Қалай болса да, бұндай кештен бас тартқан дұрыс емес. Бұл кеш тек көңілді отырып, қарын тойдыруға ғана арналмаған. Бұндай отырыс бүкіл әріптестерді біріктіріп, бір отбасы сезіндірудің амалы. Алайда қандай да бір жағдайлармен уақытыңыз тығыз болып немесе кеште отыруға көңіліңіз болмаса, отырысқа кіріп-шығып бір сағат шамасында отырсаңыз да, жеткілікті. Осылайша әріптестеріңізге құрмет көрсетіп, өз шаруаларыңызға да үлгересіз.
Не киемін? Бұл сұрақты ерекше атап өту керек. Бастысы - артық кетпеу. Тым жарқын түстер, ашық көйлектерді достарыңызбен өткізетін кештерге қалдырыңыз. Ресми классикалық киімдер де орынды болмайды. Сәнді, сымбатты көйлек таңдаған дұрыс. Алайда жұмыста карнавал кеші болса, ерекше костюм табуға тура келеді. Макияж бен шаш сәніңіз жайлы басынан ойланып қойыңыз. Аяқ асты шашты бояу, тым жарқын макияж жасамаңыз. Тәжірибе жасағанша, үйреншікті макияжбен барған жөн.
Сонымен отырыс басталды... Кеш қаншалықты көңілді өтіп жатса да, сіз әріптестеріңіз бен басшылық арасында екеніңізді еш уақытта ұмытпаңыз. Артық ішімдік ішіп, көзге оғаш түсіп қалмаңыз. Бейресми жағдай, көңілді отырыс пен мерекелік көңіл-күй әріптестеріңізбен әңгімелесіп, артық сөздерді айтып қоюдың себебі болмасын. Басшылықпен де керекті дәрежеде сөйлесіп, кімнің кім екенін ұмытпаңыз.
Жұмысты ұмытыңыз. Онсыз да жұмыстан шаршаған әріптестеріңіздің арасында отырғанда жұмыс жайлы тақырып қозғамаған жөн. Бәріне ортақ, бейтарап тақырыптар іздеңіз. Ешкімді сөз қылмай, өсектерден абай болыңыз.
Бұл жерде ешкімді танымаймын деп бұрышта тығылып отырған дұрыс емес. Келдіңіз бе, ендеше неліктен демалмасқа? Тамақ ішіп, ойындарға қатысудан ұялмаңыз. Жақын әріптестеріңіз ортасында отырып, тілек айтып, демалыңыз.
Әріптестермен мерекелік отырыс өзіңізді ұстап, артық кетпей, орынды сөйлеп, киіне білсеңіз, көңілді, ұмытылмас кешке айналады.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: vk.com
С. А