Әлемнің алып елдеріндегі Жаңа Жыл мерекесі: Еуропа елдері

Болгария

Болгарияда Жаңа жылды бүкіл отбасы мүшелері жиналып, мерекелік дастархан басында қарсы алады. Үйдің кенжесі шырша жанына барып, ән айтып, келген қонақтардың көңілін көтереді. Риза болған қонақтар оған сыйлықтар береді. Жаңа жыл уақыты келгенде, жарық сөніп, үш минутқа созылатын жаңа жылдық сүйісуге кезек беріледі. Сүйісудің сырын тек қараңғылық біледі деп есептейді. Содан кейін отанасы сыйға толы тәтті бәлішті кеседі. Егер де тиын түссе, байлық, раушан бұтағы түссе, махаббат болады деп болжайды.Мұндай сыйға толы дәстүрлер Австралия мен Румыния елдерінде де бар.

 

Греция

Грецияда Жаңа жыл мейірімділігімен танымал Ұлы Василий күні болып есептеледі. Балалар пеш түбіне аяқ киімдерін қойып, оған Ұлы Василий сый-кәде салады деп сенеді. Келген қонақтар өздерімен бірге дәу тас әкеліп, «үй иесінің байлығы осындай ауыр болсын» деп оны табалдырыққа тастайды. Ал кішкентай тас әкелген жағдайда «тіл-көзден сақтасын» деп тастап қояды екен. Грек халқы шампан мен шарапқа толы қоржын мен карта колодасын  сыйға тартады.

 

Испания

Испанияда қонаққа барған кезде сый қоржынына міндетті түрде шампан мен нуга кесегін салу керек. Жаңа жыл Испанияда қоғамдық мереке болып табылады. Түнгі уақытта салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды пір тұтатын жандар шырша жанындағы жүзімнен ауыз тию үшін орталық алаңға жиналады. Жаңа жыл келгенде олар асығыс 12 жүзімді жеп, іштерінен армандарын айтады. Тез арада жеп біткен жағдайда, арман орындалады деген наным бар. Ал үйде қарсы алған жағдайда, әр тәрелкеге жүзім салып қояды. 

Венгрия

Жаңа жылдың алғашқы минуттарында Венгрия халқы ысқырық, сыбызғы, сырнай арқылы ысқырады. Наным бойынша, бұл әрекет жын-перілерді қашырып, қуаныш, шаттық, ырыс-берекені шақырады. Жаңа жылға дайындық барысында олар дастарханға қойылатын ас-тамақтардың сиқырлы күші туралы ұмытпайды. Түйе бұршақ пен ас бұршақ жан және рух күшін, алма сұлулық пен махаббатты, бал өмірдің тәтті болуын сақтаса, жаңғақтар уайым-қайғыдан аулақ болуды, сарымсақ ауру-сырқатқа бой алдырмауды қамтамасыз етеді деген наным бар.

 

Франция

Францияның Аяз атасы Пер Ноэль түн уақытында келіп, балалардың аяқ киімінің ішіне сый-кәделер тастап кетеді. Жаңа жылдық бәліштің ішіндегі ірі бұршақ кімге түссе, сол адам «бұршақ патшасы» болып, барлығы оның бұйрығын орындайды. Сантон деп аталатын ағаш немесе саздан жасалған мүсіндерді шыршаның жанына қояды. Дәстүр бойынша, шарап жасаушы бір күбі шараппен қағыса, келер жылы өнімнің көп болуын тілеп, шарап ішуі керек. Франция елінде сый-кәделерге аса мән беріледі. Мысалы, әтір, иіс суларды әйел адамға тек оның жұбайы ғана сыйлауы керек. Егер мұндай тартулар басқа ер-азаматтар тарапынан болса, ол әдепсіздік белгісі болады.

 

Финляндия

Қар басқан Фин елінде 25 желтоқсан күні тойланатын Рождество негізгі қысқы мереке болып саналады. Рождество түнінде Лапландиядан ат басын тіреп Аяз Ата келіп, балаларға сыйлықтарға толы қоржын тастап кетеді. Ертеде фин елінің Аяз Атасы Joulupukki сыйлықтармен қатар, шыбық әкеліп: «Бұл үйде ақылды балалар бар ма екен?!» деп үйге кіретін. Жаңа Жыл қайталанған Рождество мерекесі болып табылады. Дастархан басында бүкіл әулет жиналып, мерекені атап өтеді. Бұл түні фин халқы бал ашып, келер жылды болжайды. Әдетте, балауызды ерітіп, оны суық суға салып, болашаққа болжам айтады.

 

Германия

 

Германия елі Санта Клаус есек-арбамен келеді деп есептейді. Сондықтан да ұйықтар алдында кішкентай балалар сыйлықтарға арнап тәрелке, ал аяқ киім ішіне жем-шөп салып қояды. Рождество отбасылық мереке болғандықтан, дастархан басына жиналып, Бешерунг сыйлықтармен алмасу рәсімін жүргізеді. Мерекенің бас салтанаты der Lebekuchen пірәндігі болып табылады. 16 ғасырда бұл «мейіз, сүт және ұн қосылған нағыз керемет тағам» көлемі ұзын орындықпен пара-пар болатын. Бұл сыйлық шығыны өте аз, ал әсері өте мол.

Фотосуреттер ғаламтор беттерінен алынған