- Негізгі бет
- Денсаулық
- "Зиянды азайту –...
"Зиянды азайту – өмірді сақтау" атты кітап жарыққа шықты
Халық арасында жұқпалы емес аурулардың (ЖЕА) алдын алу саласындағы бар ақпараттық олқылықтың орнын толтыруға арналған "Зиянды азайту – өмірді сақтау" атты кітап жарыққа шықты. Тұсаукесер рәсімі Алматы қаласында өтті.
Жеті бөлімнен тұратын кітапта жұқпалы емес аурулардың негізгі қауіп факторлары және олардың адам денсаулығына әсері туралы ақпарат оңай және қолжетімді баяндалған. Кітапты жасауға Қазақстанның қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы белгілі ғалымдар, дәрігерлер мен мамандар арнайы атсалысқан.
Көпшілікке аса пайдалы басылымды шығаруға көптеген жылдар бойы қоғамдық денсаулық сақтау мәселелерімен айналысып келе жатқан «Аман-саулық» ҚҚ президенті және дәрігер Бақыт Түменова бастамашы болған.
Халықтың денсаулығын нығайту және аурулардың алдын алу стратегияларының бірі –алкогольді шамадан тыс тұтыну, нашақорлық, отырықшы өмір салты, темекі шегу, дұрыс тамақтанбау және репродуктивті денсаулық сияқты адамның өмір салтының әртүрлі факторларымен байланысты жағымсыз әлеуметтік және физикалық салдарларды азайтуға бағытталған зиянды азайту тұжырымдамасы.
– Бұл кітаптың, әсіресе, коронавирус пандемиясы кезеңінде, уақытылы және өзекті шығарылғанын атап өту қажет. Өйткені, коронавирустық инфекциядан туындаған ауру ағымының ең ауыр түрлері және жоғары өлім-жітім жүрек-қан тамырлары жүйесінің созылмалы аурулары, обструктивті синдромы бар өкпенің созылмалы аурулары, қант диабеті бар науқастар арасында байқалады, яғни, дұрыс тамақтанбау, жаман әдеттер, отырықшы өмір салты сияқты мінез-құлық қауіп факторларынан туындаған созылмалы жұқпалы емес аурулармен ауыратын науқастар санатына жатады. Аз зиянды баламаларды ұсыну арқылы адамның мінез-құлқын түзету арқылы адамның өмір салтына әсер ету арқылы жұқпалы емес аурулардың пайда болу қаупін азайтуға болады. Пандемия осы стратегияның өзектілігін және теріс салдарды азайтуға бағытталған зиянды азайту тұжырымдамасының қағидаттарын енгізу қажеттілігін анықтады, - деп атап өтті Бақыт Түменова.
Тұжырымдама тұтынушылардың қоғамға кірігуіне мүмкіндік беріп, денсаулық сақтау шығындарын азайта отырып, зиянды азайтуға, халықтың өмір сүру сапасын сақтауға және жақсартуға арналған.
– Тұтынушының еркін таңдауына шектеу қоюға болмайды. Бұл еркіндік Конституциямен және Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы Заңмен кепілдендірілген. Әрқайсымыздың баламалы, әлдеқайда қауіпсіз тауарлар мен қызметтерді таңдауға және қол жеткізуге құқығымыз бар. Тәуелді болу – бұл ауру және оны түсінген жөн", - деп атап өтті Қазақстан тұтынушылар лигасының президенті Светлана Романовская.
Кітаптың тұсаукесер рәсіміне ҚР ҰҒА академигі, ғалым, медицина ғылымдарының докторы және Қазақстан тамақтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов та қатысты. Туынды жайлы өз пікірін білдіре кетті.
– Біздің тұрғындар арасында жұқпалы емес аурулардың дамуына ықпал ететін факторлардың әсерін төмендету әдістерін үнемі дамыту және жетілдіру қажет. Қойылған міндеттерді табысты орындау үшін, ең алдымен, отандық ғылымның ғылыми әлеуетін іске асыру, денсаулық сақтау практикасына заманауи технологияларды енгізу және мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың, ғылыми қоғамдастықтардың және азаматтық қоғам өкілдерінің тығыз ынтымақтастығы қажет», - деп атап өтті.
Кітапты шығару қажеттілігі мен уақтылығы туралы ҚР ДСМ Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрайымы, ҚР ДСМ Медициналық қызмет сапасын бақылау біріккен комиссиясының мүшесі, «Еуразиялық медициналық қауымдастық» қауымдастық нысанындағы ЗТБ Басқарма төрайымы Надежда Петухова да арнайы ойын жеткізді.
– «Аман-саулық» ҚҚ жұқпалы емес аурулардың қауіп факторларына қарсы күрес жөніндегі анықтамалықты дайындап, шығарып, өте маңызды және пайдалы жұмыс жасады. Медицинадан алыс қарапайым азаматтар үшін мұндай анықтамаға деген қажеттілік бұрыннан бар. Қарапайым және түсінікті тілмен жазылу, материалды ұсынудың айқындылығы ақпаратты қоғамның кең топтары үшін қол жетімді етеді. Менің ойымша, бұл анықтамалық әр үйде болуы керек, ол белсенді өмірлік ұстанымға ие, денсаулықтың құндылығын түсінетін және оны сақтауға қамқорлық жасайтын адамдар үшін үстел кітабына айналуы керек», - деді.
"Зиянды азайту – өмірді сақтау" – кітаптың атауы ғана емес, басты ұраны. Қоғам үшін жұқпалы аурулар ғана емес, жұқпалы емес аурулардың алдын алу да аса маңызды. Сондықтан да мұндай анықтамалық әрі ғылыми тұрғыдан екшеліп, көпшілік үшін ұсынылған кітаптың берері мол болмақ. Себебі кез келген дерттің алдын алу кезінде қателеспеу қажет. Технология дамыған заманда ақпарат ағыны көп. Оның ішінен пайдалысын табу да оңай шаруа емес. Әсіресе, денсаулыққа келгенде абай болған жөн.
Жеке адамның да, қоғамның да басты байлығы – денсаулық. Ұрпақ саулығы – ұлт байлығы.
Н. Үсенова