- Негізгі бет
- Денсаулық
- Зерттеу: Спортпен айналысу...
Зерттеу: Спортпен айналысу вакцинаның емін одан әрі арттырады
Спортпен айналысу адам иммунитетін күшейтіп, қан айналымын жақсартатыны белгілі. Физикалық жағынан белсенді адам ұзақ жасайды.
2008 жылы The Lanсet журналында жарық көрген зерттеулердің бірінде жыл сайын әлемде 5 миллионнан астам адам спортқа енжарлығы мен қимыл-қозғалыстан сырт қалуының кесірінен қайтыс болатыны айтылған.
Ал The Conversation басылымында жарық көрген жаңа зерттеулерде пандемия мен инфекциялық ауру тараған уақытта спортпен айналысудың қаншалықты маңызды екені айтылған. Үнемі спортпен айналысу адамның иммунитетін жақсартып, жұқпалы ауру мен инфекциялық вирустарды жұқтыру қауіпін үш есе азайтып, екпе алған жағдайда, оның емін тиімді ететінін көрінеді.
Бұл зерттеуге әлемнің 500 мыңға жуық адамы қатысқан екен. Бұдан шыққан қорытынды мынау: күніне кем дегенде 30 минутын жаттығу мен спортқа арнаған адамның жұқпалы ауруға шалдығу қаупі 37 пайызға дейін азаятын көрінеді.
Спортпен айналысу мен қимыл-қозғалысты көбейтудің арқасында адам ағзасында IgA атты антидененің деңгейі көбейіп, иммуноглобулиннің қалыпты мөлшері қалыптасады. Ондай антидене адамның өкпесі мен басқа да ішкі мүшелерінің шырышты қабығын қаптайды да, вирус пен бактерия түсірмейтін арнайы қабат құрады.
Физикалық белсенділік ағзада Т-жасушаның санын да көбейтетін көрінеді. Ал бұл жасуша адамның иммун жүйесіне жұқпалы вирус шабуылдаған кезде тез қарсылық көрсетуіне жағдай жасайды.
Ғалымдардың айтуынша, спортпен айналысатын адамның екпе салдырғаннан кейін антидене қалыптастыру қуаты 50 пайызға дейін артады екен.
Ал спорттың мұндай пайдасы қазір бүкіл әлемде жүріп жатқан вакцинация компаниясының жұмысын жеңілдетіп, тиімді әсерін бірнеше есе өсірмек.
Үш себеп
Спорттың ауруды жеңуге көмектесетінін дәлелдейтін үш себеп бар.
Біріншіден, спортпен айналысатын адамның қан айналымы жақсы болады. Диабет пен басқа да жүрек және қан ауруларынан аулақ болады. Ал мұндай қуатты ағзаға респираторлы жұқпалы вирустардың шабуыл жасауына қауқары жете қоймайды.
Екіншіден, спортпен айналысатын адам күйзелістен аулақ болады. Сондықтан созылмалы ауруға шалдығуы да екіталай. Ал COVID-19 инфекциясынан қайтыс болғандардың көбі – созылмалы ауруға шалдыққандар.
Үшіншіден, спортпен айналысатын адамның иммунитеті жақсы болады. Жұқпалы ауру иммунитеті қуатты адамның ағзасын улай алмайды.
Қ. Слямбек