- Негізгі бет
- Денсаулық
- Ықылықтап қалсаңыз...
Ықылықтап қалсаңыз
Әдетте, ықылық тиген кезде ішімізден «Біреу мені еске алып жатыр» деп тұспалдаймыз. «Кім болды екен?» деп те жорамалдаймыз. Алайда, ықылықтың пайда болуына өзгенің еске алуы емес, нашар иммунитет, жүйке жүйесі мен физикалық әлсіздік әсер етеді.
Ықылық дегеніміз бауыр еті, өңеш, жүйке жүйесінің тарылуы кезінде пайда болатын табиғи құбылыс. Жүйке жүйесі әлсіз жандарға жиі ықылықтау құбылысы тән. Мұндай жағдайда ықылықтан арылу үшін белсенді іс-әрекеттерге көшіп, күлкілі бейнесюжеттерді қарап, көңіліңізді көтеруге тырсыңыз. Себебі, күлкі терапиясы ықылықтан арылуға жол ашады.
Ықылық қатты жылағанда, газды ішімдіктерді көп мөлшерде пайдаланғанда, асты шайнамай жұтқанда, тамақты артық ішіп қойғанда, салқын тиіп қалғанда пайда болады. Бұл жағдайда ыстық ванна қабылдап, ыстық шәй ішкен жөн.
Әдетте, ықылық тез басталып, 5-10 минутқа дейін созылады. Ықылықтың тоқтамай, одан әрі жалғаса бергенін байқасаңыз, дәрігерге қаралғаныңыз жөн. Себебі, ықылық адам ағзасындағы кейбір аурулардың бастамасы, жаршысы немесе белгісі болады. Оның ішінде бас, өкпе, асқазан, жүрек, тамақ ауруларының бастауы болуы әбден мүмкін. Сондықтан да ағзаның бұл белгісіне салғырт қарамаған дұрыс.
Ықылықтан арылу жолдары
- Тез әрі терең дем алыңыз. Тыныс алу кезеңін 4-6 рет қайталаңыз.
- Кеңсе, үйде болсаңыз, терезені ашып, таза ауаға шығып, терең дем алыңыз.
- Аузыңызға кәмпит салып, балмұздақтан дәм татыңыз.
- Су ішіп, оны жұтқанда терең тыныс алыңыз. Содан кейін суды аз-аздан жұтыңыз. Бұл Гиппократ заманынан бері келе жатқан әдіс екен.
- Қол астыңызда су болмаған жағдайда, сілекейіңізді жұтыңыз. Құлағыңызды жауып, жұтуды жалғастырыңыз.
- Күнге, жарыққа қарап, түшкіруге тырысыңыз.
- Мүсәтір спиртін иіскеп жіберіңіз.
- Физикалық жаттығуларды жасаңыз.
- Ұйқы қыспаса да, жиі-жиі есінеңіз.
Ықылық табиғи құбылыс болғаннан кейін одан қорқудың қажеті жоқ. Әйткенмен, оның созылмалы түрде болатынын байқасаңыз, денсаулығыңызға көңіл бөлгеніңіз жөн.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Сурет: izdorovie.info
Ғ. Ұзақ