- Негізгі бет
- Денсаулық
- Ұйқысыз өткен апта...
Ұйқысыз өткен апта
Шаршау, көңілсіздік, стресс... Бұның бәрі бір ұйқысыз түннің әсері бола алады. Ал жаңа жүргізілген зерттеулер қорытындысы бойынша, бір апта бойы кеш жатып, ұйқыны қандырмау денсаулыққа қауіпті бола алады.
Ұйқысыз өткен түн әсері күні бойына сақталып, бет-әлпетке, көңіл-күйге, ми жұмысына әсер ететіні баршамызға белгілі. Ал қатарынан бірнеше түн ұйықтамау ғалымдардың айтуынша, өте зиян.
Ғалымдардың жүргізген зерттеулері бойынша, бір апта бойы дұрыс ұйықтамау жүздеген гендердің жұмысын бұзып, өте қауіпті аурулардың дамуына көмектесе алады. Зат алмасу бұзылып, иммунитет зардап шегеді, оған стресс, депрессия, көңілсіздікті қосыңыз.
Жақында болған тәжірибеге 26 адам қатысты. Оларға бір апта бойы дұрыс ұйықтауға мүмкіндік берілген жоқ. Зерттеу соңында олардан РНК сараптайтын анализ алынды. РНК - кодталған командаларды гендерден жасушаларға жеткізетін зат. Ол жалпы гендердің белсенділігін көрсетеді. Нәтижелерді бір апта бойы толыққанды демалып, жақсы ұйықтаған адамдардың анализдерімен салыстырды.
Бір апта бойы 6 сағаттан кем ұйықтаған жандардың РНК-лары өзгеріске ұшырады. Олардың гендерінің жұмысы нашарлап, белсенділігі кеміді. Болашақта бұл денсаулықты үлкен қиындықтарға душар етуі мүмкін деп тұжырымдайды дәрігерлер. Сондай-ақ қауіпті аурулардың бастамасы да болуы мүмкін екен.
Курстық жұмыс жазу, жұмыстағы жоспарды уақытында өткізу, түнгі матчты қарау сияқты істер үшін ұйқымызды бұзып, түнгі уақытты пайдаланамыз. Денсаулығым жақсы болсын десеңіз, ұйқыға қажетті уақыт пен көңіл бөліп жүріңіз.
Ал сіздің ұйқыңыз қана ма?
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: cleo.com.au
С. А