- Негізгі бет
- Денсаулық
- Ұйқыңыз қанды ма?...
Ұйқыңыз қанды ма?
Ұйқысыздық, ұйқы сапасының нашар болуы, ұйқының қанбауы, түнде жиі ояну сияқты қиындықтар денсаулыққа, көңіл-күйге кері әсер етеді. Күні бойы шаршап, әлсіз болу сіз үшін қалыпты жағдай болса, ғалымдардың кезекті жаңалығымен таныс болыңыз.
"Плацебо" эффектісі бұрыннан бері медицинада таныс. Ол адамға қандай да бір нәрсені сендіруге негізделеді. Мысалы, ауру адамға емі жоқ дәрі беріп, оны керемет, заманауи, барлық дерттен айыратын дәрі деп таныстырады. Нәтижесінде адамның іштей сенімі оны дертінен сауықтыруы мүмкін. Медицинада мұндай жағдай жиі кездеседі.
Енді ғалымдар бұл эффектіні ұйқыға тексеріп көрмекші болды. Нәтиже ғалымдар ойлағандай болып шықты. Ұйқысы қанбай тұрған адамды "керемет ұйықтадың" деп көндіруге болады екен.
Тәжірибелер нәтижесі белді The Daily Mail басылымында шықты. Колорадо Колледжінің ғалымдары тәжірибесін ылғи ұйқысы қанбайтын студенттерге жүргізген екен. Олар студенттердің бір тобына түнде жүргізген тәжірибе бойынша ұйқылары жақсы болды деп көндірді, ал екінші топқа ұйқылары сапалы емес деген пікірін айтты. Түрлі тесттер нәтижесінде, бірінші топ студенттері әлдеқайда жоғары баға алды.
Осындай тәжірибе нәтижесінде ғалымдар кез келген адамға оның ұйқысы сапалы болды деп көндірсеңіз, оның көңіл-күйі көтеріліп, жұмысқа төзімділігі артады деген шешімге келіп отыр.
Ендеше өзіңізге күнделікті "жақсы ұйықтадым" деп жүрсеңіз, күніңіз сәтті өтетін болады.
Ал сіз бүгін қалай ұйықтадыңыз?
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: zabolel.net
С. А