- Негізгі бет
- Денсаулық
- Ұйқының бұзылуы...
Ұйқының бұзылуы
Адам өмірінің үштен бір бөлігін ұйқымен өткізеді. Себебі ұйқы – адамның тіршілік қажеттілігі. Ал ұйқының бұзылуы – денсаулыққа қауіпті.
Ұйқы кезінде физиологиялық процестер баяулап, ағзаның жұмыс істеу қабілеттілігін қалпына келтіруге жағдай жасалады. Ұйқы – тек демалу ғана емес. Ұйықтаған кезде мидың бірқатар жүйелері жұмыс істеп тұрады. Мысалы, ұйықтағанда адамның күндіз көрген-білгені, ренші-күйініші есіне оралып, орнығу процесі жүреді.
Адамның бірқалыпты ұйқысының ұзақтығы негізінен жас шамасына байланысты. Жаңа туған нәресте тәулігіне 2-3 сағат қана ояу болады. Бала 6 айлық кезінен 3 жасқа дейін 14 сағаттан кем ұйықтамауға тиіс. 4-5 жастағы балалар тәулігіне 13 сағат, 6 жаста -12, 7 жаста – 11, 8-10 жас аралығында 10-10,5 сағат, 11-12 жаста -9-10, ал 13-16 жастағы жасөспірімдер – 9 сағат, 17-18 жастағылар 8-8,5 сағат ұйықтауы қажет. Ересек адам тәулігіне кем дегенде 6-7 сағат ұйықтауы тиіс.
Ұйқыдан қалу – ағзаға аштықтан да қатты әсер етеді. Бірқалыпты ұйқының ұзақтығы ересек адамдарда әртүрлі себептерге; ағзаның ерекшелігіне, еңбек жағдайына т.б. байланысты болады. Сондықтан ұйқының қанша уақытқа созылуға тиіс екендігі туралы барлық адамға ортақ кеңес беруге болмайды. Кейбір ұйқысы тым сергек адамдар ұзақ ұйықтаған жағдайда да ұйқысы қанбай тұрады. Ағза сау болса ұйқы қандыруға қажетті уақытты өзі-ақ қалыптастырып алады.
Шала ұйқының себебі көбінесе ауыр ой еңбегіне, адамның көңіл-күйіне, балаларда – дәл ұйықтар алдында сабақ даярлауға байланысты болады. Мұндай қарекеттерді ұйықтардан 1,5-2 сағат бұрын тоқтатқан жөн.
Ұйқының бұзылу себептері әр түрлі. Қажудың, ойға берілудің, үйреншікті уақытта ұйықтамаудың салдарынан кейде сау адамның да ұйқысы қашуы мүмкін. Егде тартқан және қарт адамдар әдетте құс ұйқы болып, ұйқысы азая бастайды. Мұның өзі ағзаның сол жастағы физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты. Жүйке жүйесі қажыған кісілерге болмашы толқудың өзі-ақ ұйқысын бұзуы мүмкін. Адам ауырған кезде, қан айналымы бұзылғанда, демікпе немесе жөтел қысқанда ұйқы қашады.
Ұйқысыздықты емдеу үшін ең алдымен себебін анықтау керек. Дені сау адамның ұйқысы дәрі-дәрмек қолданбай-ақ қалпына келеді. Ұйқы қашпау үшін ұйықтар алдында тамақтанбау, ащы шай немесе кофе ішпеу керек. Жүйке жүйесі қажыған адамдар ұйықтар алдында дем алып, серуендеп келгені жөн. Аяғын жылы сумен жуып, ваннаға түскені де жөн.
Ұйқысыздық әр түрлі ауруларға байланысты болса емделу керек. Ұзаққа созылып кеткен жағдайда дәрігерге міндетті түрде қаралу қажет.
О. Сансызбай