Ұйқы туралы 8 миф

Ұйқы туралы 8 миф
Фото: shutterstock.com

Ағзаны баптап, аз ұйықтап үйренуге бола ма? Күндіз көз іліп алғанның пайдасы бар ма? Ал біз ұйықтап жатқанда ми немен айналысады? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін, назарыңызға америкалық Sleep Health Foundation ұйымының материалын аударып, ұйқы туралы 8 мифті ұсынамыз.

№1 миф: Ұйқы кезінде ми жұмысы тоқтайды

Шын мәнінде ұйқы кезінде ми белсенді жұмыс істейді. Ол өткен күндегі ақпаратты өңдеп, оны жадыға бекітеді. Бұл – когнитив функцияны орындау үшін керек процесс.

№2 миф: Аз ұйықтап үйренуге болады

Ұйқыға қажет уақыт әр адамда әртүрлі. Орта есеппен ересек адамға бір тәулікте 8 сағат ұйықтау керек. Кейбіріне бұл да жеткіліксіз болуы мүмкін. Қалай болғанда да қажет уақыттан азырақ ұйықтап, ағза жүйесін өзгертуге болады деген ой – алдамшы. Ұйқы – ағза қалыпқа келетін уақыт. Сондықтан ұйқы қанбай қалса, ағза дұрыс жұмыс істемейді.

№3 миф: Бір ұйықтағанда молынан ұйықтап алып, апталап аз-аздан ұйықтауға болады

Алдын ала ұйқы қандырып, күш жинап алу мүмкін емес. Адам биоритмі бүкіл ағза жұмысын синхрондауға ықпал етеді және ұйқы – ағзаның қалыпқа келетін ең негізгі кезеңі. Оны өткізіп жіберуге болмайды. Толыққанды, тұрақты ұйқы когнитив процесті жақсартады.

№4 миф: Күндіз ұйықтағанның пайдасы жоқ

Түнде қанбай қалған ұйқының орнын күндіз толтыруға болады. Адамдар күндізгі ұйқыдан соң ұйқы-тұйқысы шыққандай болуы мүмкін. Бұл “ұйқы инерциясы” деп аталады. Алайда 15-20 минуттан кейін ағза қалпына келеді.

№5 миф: Біз режимдегі өзгеріске бірден бейімделе аламыз

Циркад ырғақ бұзылса (күн мен түннің ауысуы), бүкіл ағза әлсірейді. Ағзаның ерекшелігіне қарай адам қалыпты режимге бірнеше күн ішінде орала алады, алайда бір күн ішінде бейімделу мүмкін емес.

№6 миф: Адам қартайған сайын аз ұйықтайды

Біздің толыққанды ұйқыны қажетсінуіміз жас өскен сайын өзгермейді. Өсе келе адамға ұйқының қанбауы ауыр тимеуі мүмкін, бірақ мұның да кері салдары бар.

№7 миф: Әрдайым қорылдап ұйықтау – норма

Анда-санда қорылдап ұйықтау – қарапайым проблема, алайда әрдайым қорылдап ұйықтаған адамның тыныс алу жүйесінде проблема болуы мүмкін.

№8 миф: Жайсыз ұйқының негізгі себебі – стресс

Стресс ұйқыға кері әсер етеді, бірақ оны жайсыз ұйқының негізгі себебі деуге болмайды. Ең бірінші ұйқы режиміне, оның мөлшеріне, ұйқы мен бөлме жағдайына назар аудару қажет.

Massaget.kz