- Негізгі бет
- Денсаулық
- Ұшақтағы жаттығулар ...
Ұшақтағы жаттығулар
Жазғы демалыс кезеңі өз бастауын алды. Егер сіз армандаған демалысыңызға қол жеткізіп, алыс шетелге жол тартсаңыз, белгіленген жеріңізге ұшақпен баратын боларсыз. Ендеше ұзақ ұшу кезінде шаршап қалмау үшін ұшақта жасауға болатын жаттығуларды біліп жүргеніңіз абзал.
Біз арнайы сіздер үшін бірнеше оңай жаттығулар топтамасын таңдап алдық. Олар ұшақтың ішінде орындауға болатындай жеңіл және өте ұзақ ұшуды да өткеруге көмектесе алады. Артынан демалысыңыздың санаулы күндерін ұшақтан кейін демалуға құртпай, қыдырып, суға шомылып, барынша көңілді өткізе аласыз.
Сонымен егер ұшақта отырғанда арқаңыз ауырып, беліңіз қақсап жатса, аяғыңыз ұйып, отырудан әбден жалығып, шаршасаңыз, қысқасы өзіңізді ыңғайсыз сезінсеңіз, мына 4 жаттығуды жасап көріңіз.
1-Жаттығу:
Өзіңіздің орындығыңыздың шынтақшаларына қолмен тіреліп, аяқтарыңызды ұшына қойып жоғары көтеріліңіз. Жаттығуды 10 рет қайталаңыз, Сіз үшін бұл жаттығу тым оңай болса, жаттығуды аяқ ұштарына тірілмей жасаңыз.
2-Жаттығу:
Бір аяғыңыздың тізесін кеудеңізге қолдарыңыздың көмегімен тартып, осы қалыпта бірнеше секунд қимылдамаңыз. Екінші аяқпен де жаттығуды дәл солай қайталаңыз.
3-Жаттығу:
Арқаңызды түзулеп, оң қолымен сол шынтақшаға, мүмкіндігінше ар жағына қарай тартылыңыз. Жаттығуды дәл осылай сол қолмен бірнеше рет қайталаңыз.
4-Жаттығу:
Саусақтарды біріктіріп, қолдарыңызды жоғары қарай көтеріңіз. Орындықтан көтерілмеңіз, алайда қолдарыңызды барынша жоғары тартуға тырысыңыз. Жаттығуды 5-10 рет қайталаған жөн.
Ұшақпен ұшуға қорқатындарға кеңес:
Егер сіз ұшақпен ұшуға қорқатын адамдардың қатарынан болсаңыз, көңіліңізді музыка тыңдау, газет оқумен алдамай, дұрыс тыныстану жаттығуларын жасаңыз. Дұрыс дем алу сізді тыныштандырып, қорқынышыңызды баса алады. Бұндай жаттығуларының 3 ережесі бар. Олар:
1-Ереже:
Мұрын арқылы терең дем алыңыз. Мұрын арқылы өткен ауа жылып, тазарып, ылғалданады. Осы себептермен мұрын арқылы дем алу ауыз арқылы дем алумен салыстырғанда әлдеқайда пайдалы.
2-Ереже:
Уайымдап тұрған кезде жүйкеңізді тыныштандыру үшін, үйреншікті кеудемен дем алуды ішпен дем алумен алмастырыңыз. Ішпен тыныс алған кезде, іш байқарлықтай үлкейіп, кішірейіп тұрады. Жаңа туылған нәрестелер ішпен дем алады, ол кеудемен дем алуға қарағанда пайдалырақ деп саналады. Осылайша 5 минут шамасында ішпен дем алып, жүйкеңіз тыныштандырып, тіпті ұйқыңыз келуі де мүмкін.
3-Ереже:
Сапарға ыңғайсыз, тыныс алуға бөгет жасайтын, кеудені, ішті қысатын, жағасы тым биік киімдер кимеген жөн. Тым тар джинсы шалбарлары мен сәнді заттарды дем алыстын өзіне қалдырыңыз.
Сапарларыңыз сәтті өтсін!
Дайындаған: Сания Аринова
Суреттер: stroiniashka.ru, luch-ra.ru
С. А