Уролог маман ер адамдарға үнемі қайталайтын әдетіне қатысты ескерту жасады

Уролог маман ер адамдарға үнемі қайталайтын әдетіне қатысты ескерту жасады
Фото: Көрнекі сурет

Ер адамдар көбіне өздерінің эмоцияларын сыртқа білдірмей, стреске жиі төтеп береді. Ал бұл әдет олардың репродуктивті қабілетіне және потенциалына теріс әсерін беретіні белгілі болды. Бұл туралы медицина ғылымдарының докторы, уролог Николай Григорьев Lenta.ru сайтына берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Дәрігер стрестің қан құрамына шамадан тыс адреналин мен кортизол гормондарының  бөлінуіне әсер етіп, оның деңгейінің жоғарылауы тестостеронның бөлінісіне кері әсерін беретінін айтты. Ал бұл жайт сау және белсенді сперматозоидтардың санын азайтатынын түсіндірді. Оның айтуынша, тестостерон жыныстық функцияға ғана емес, сонымен қатар сүйектер мен бұлшықеттердің белсенділігіне, зейінге, мидың жұмысына жауап береді.

"Тестостерон бөлінуі бұзылған кезде адам агрессивті, мазасыз тіпті жылауыққа айналады. Оның өзін-өзі бағалауы нашарлап, көңіл күйі күрт өзгереді", - деді Григорьев.

Ол бұл жағдайды әйелдердегі етеккір алдындағы синдроммен салыстырып, бұл жағдайдың негізінен 40 жастан асқан ерлерде жиі кездесетінін атап өтті. Стресс кезінде ерлер гормондарының тапшылығы пайда болады.

Стресс пен жүйке жұқаруы кезінде қанның жыныс мүшелеріне баруына жол бермейтін тамырлар арасындағы қысым пайда болады. Осыған байланысты эректильді дисфункция дамиды және тұйық шеңбер қалыптасады: ер адам одан сайын уайымға беріліп, оның эректильді қызметі зардап шегеді, стресс үстіне стресс туады.

Уролог ер адамдарды стрестің жиі жағдайда жүрек-қан тамырлары ауруларының дамуына себеп болатынын есте ұстауға шақырды. Тұрақты шаршау, тітіркену, терлеудің жоғарылауы, эректильді дисфункция, эякуляция проблемалары және жыныс аймағында ауырсыну сияқты белгілер пайда болса, сіз дереу медициналық көмекке жүгінуіңіз керек деп кеңес берді маман.

Д. Литпин