- Негізгі бет
- Денсаулық
- Тырнақ: денсаулықтан хабар...
Тырнақ: денсаулықтан хабар беретін белгілері #1
Адамның тырнағы ешқашан шірімейді деп айтылады. Бұл тырнақтың қасиеттілігін білдірсе керек. Күнделікті өмірде адамның тырнағына қарап болжам жасап, өзінше «диагноз» қойып жатқандар көп кездеседі. Адамның бет әлпеті тәрізді қол, саусақ, тырнақ тәрізді бөліктер де бірден көзге ұшыраушы дене бөліктері болып келеді. Дегенмен тырнаққа қарай отырып мынадай медициналық белгілер болатынын аңғаруға болады.
Тырнақ бетінде ақшыл дақтардың кездесуі
Тырнақ бетіндегі ірілі-ұсақты ақшыл дақтар, әдетте, әртүрлі сыртқы жарақаттар мен зақымдардан болады әрі денсаулыққа ешқандай да зиянын тигізбейді. Дегенмен бұл ақшыл дақтардың ұзақ уақыт бойы тырнақ бетінен кетпей жүруі дәрумендер аз екенін танытады.
Тырнақ бетіндегі көлденең ұзын сызықтардың болуы
Мұндай көлденең сызықтардың болуы да жарақаттарға байланысты, дегенмен де бұл ағзадаға мырыш пен кальций жетіспейтінінен хабар береді. Одан өзге, бұл белгілер кей жағдайда диабет, псориаз тәрізді аурумен сырқаттанғанда пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайда көлденең сызықтарды бір емес бірнеше саусақ ұшында пайда болады.
Атызға ұқсас тік сызықтар болуы
Мұндай сызықтар да жарақат алудан (мәселен, маникюр жасау кезінде), сонымен қатар B12, мырыш пен магний жетіспеуінен пайда болады. Ал жасы 50-ден асқан адамдарда мұндай құбылыстар кездесуі – қалыпты жағдай. Қартайған сайын тырнақ та мүкістенуі – табиғи құбылыс.
Сары түсті тырнақ
Тырнақ сарғыштануының басты себебі – темекі шегу. Кейде тырнақ ұшындағы саңырауқұлақтардың көбеюі қалқанша безі ауруы, диабет, тыныс алу ауруларынан хабар береді. Темекі шегу тыныс алу ауруларына шалдықтыратындықтан, тырнақтың сарғыш тартуына, ең бірінші, темекі шегу кінәлі дей аламыз.
Аппақ тырнақ
Егер тырнақ аяқ астынан ағара бастаса, бұл гепатит не өзге де бүйрекпен байланысты аурулардың басталғанын аңғартады.
Көкшіл тырнақ
Тырнақтың көкшіл түсті болуы – ағзаға оттегі жетіспеуінің белгісі. Бұл тыныс алудың нашарлығынан да болуы мүмкін. Мұндай белгілер басталса, дәрігерге қаралыңыз.
Жалғасы бар...
М. Ақан