- Негізгі бет
- Денсаулық
- Тісті құртатын өзіңіз...
Тісті құртатын өзіңіз байқамайтын 6 әдет
Кең тараған кей тұрмыстық әдеттер тістерді құртады. Жарқыраған күлкіні ұзаққа дейін сақтау үшін не істеуге болмайтынын айтамыз.
Тырнақ тістеу
Кей адамдар ойланып кетсе немесе мазасызданса, тырнақтарын тістей бастайды. Бір қарағанда еш зияны жоқ көрінетін бұл әдет тістерде жарықшақтардың пайда болуына және эмальдің кетуіне әкелуі мүмкін. Сондай-ақ тырнақты тістеу кезінде жақ табиғи емес бұрышпен орналасады. Нәтижесінде, уақыт өте шықшыт бұзылуы пайда болуы мүмкін.
Тісті қайрау немесе шықырлату
Еріксіз тістерді шықырлатуды бруксизм деп атайды. Ол күйзеліс себебінен пайда болуы мүмкін. Ал тістерді түнде қайрау апноэ себебінен болуы мүмкін. Уақыт өте бұл әдет жақтың ауыруына, тістерде жарықшақтардың пайда болуына және бет буындары мен бұлшықеттерінің әрекетсіздігіне әкелуі мүмкін. Егер өзіңіз немесе жақындарыңыз сіздің тісті шықырлататыныңызды байқаған болса, көп созбай дәрігерге қаралып, бұл проблеманың шешімін тапқан жөн.
Тісті қатты тазалау
Тістерді қатты щеткамен өте ұзақ немесе өте қарқынды тазалау эмальдің мүжілуіне және тіс етінің тітіркенуіне әкеледі. Сондықтан жұмсақ щеткамен 3-4 минут шамасында жай тазалаңыз.
Заттарды тіспен ашу
Бөтелке, пакет немесе басқа да кез келген қақпақты немесе қаптаманы тіспен ашу — жаман әдет. Ол тістерде жарықшақтардың пайда болуына әкеледі.
Су аз ішу
Таза суды жеткілікті мөлшерде ішу — сау тістердің бағаланбаған құпиясы. Оның себебі бір стақан су ауыздағы тамақ қалдықтарын, бактерияларды және қышқылдарды шайып шығады. Ал кофе немесе қызыл шараптан кейін бірден су ішу өңездің пайда болуына себепші химиялық заттарды шайып тастай алады.
Артық тамақ жеу
Әрдайым артық тамақ жеу тек асқазан-ішек жолына ғана емес, сондай-ақ тістерге де зиян. Ауыздағы тамақ қалдықтары (әдетте, адамдар түнде тіс жуып болған соң артық тамақ жейді) — зиянды бактерияларға арналған қолайлы орта. Егер ол тәтті қалдықтары болса, бактериялар қантпен қоректеніп, тіс эмалін әлсіздендіретін және тіс етін зақымдайтын қышқылдар түзеді.