- Негізгі бет
- Денсаулық
- Тіс саулығы ағза...
Тіс саулығы ағза денсаулығына қалай әсер етеді?
Бүгінде табыс пен жоғары әлеуметтік абырой дегенді ойлайтын адам ақ маржан тістердің адамның беделіне қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі. Сонымен қатар тіс саулығы жалпы ағзаның саулығымен тікелей байланысты.
Ең алғаш танысқан сәтте адам назары әңгімелесушінің тісіне түседі. Ал жеке өмірді қалыптастыруда әдемі жымиыстың қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті. Ертеде тістің жағдайына байланысты адамның денсаулығын, төзімділігі мен мықты генетикасын анықтаған. Бұл үрдіс бүгінгі күні де сақталып келеді. Бұрынғыдай тістер жалпы ағзаның жай-күйін анықтайтын барометр іспеттес. Ал тіске дұрыс күтім жасамау ауыз қуысына еш байланысы жоқ ішкі ағзаның көптеген ауруларына себеп болуы мүмкін.
Сонымен қатар ауыз қуысының аурулары адамның жалпы иммунитеті мен өмірлік тонусына әсер етеді. Төменде – ауыз қуысының қабынуы себеп болуы мүмкін ауру түрлерінің жартысы ғана.
Жүрек-қан тамырлары аурулары
Ауру тістер мен қызыл иек жүрек ишемиясының дамуына, миокард инфаркты және инсультке себепкер болатынын ғалымдар дәлелдеген. Пародонтпен ауыратын адамдардың жүрек жетімсіздігіне ұшырау қаупі 2 есе көп!
Пародонттағы бактериялар қанға сіңіп, қан тамырлары қабырғаларының қабынуына әкеліп, қанның ұюына себеп болуы мүмкін. Ал ұйыған қан қан саңылауларын бітеп, жүрек-қан тамырлары ауруларының дамуына әсер етуі мүмкін.
Асқазан-ішек жолдары аурулары
Ауру тістер тағамды асқазан-ішек жолында дұрыс қорытылатындай етіп, ұсақтап шайнауды қамтамасыз ете алмайды. Егер тісіңіз, қызыл иегіңіз ауыратын болса және тағамды мұқият шайнауға мүмкіндігіңіз болмаса, асқазанға қосымша салмақ түседі, ал бұл тағы бір ауруға себеп болады.
Пародонтиттің де, асқазан-ішек жолдары ауруларының да жалпы даму механизміне қабыну мен иммундық реакция тудыратын микроағзалар себеп болады. Созылмалы гастрит, асқазанның ойық жарасы, ұлтабардың ойық жарасы, панкреатит – бұл ауыз қуысының ауруларынан туындаған асқазан-ішек жолдары ауруларының бір бөлігі ғана.
Қант диабеті
Ғалымдардың көбі пародонттың қабынып ауруы кезінде қандағы қант деңгейі көтерілетінін айтады. Қант диабетімен ауыратын адамдар пародонтиттен емделген соң уақыт өте келе қандағы қант деңгейі қалыпқа келгені анықталған. Жағдайын қалыпқа келтіру үшін диабетпен ауыратындар негізгі аурудың емдік шараларын жасап қана қоймай, қажет болса пародонтологиялық емдік шараларды жасауы тиіс.
Жүктілік
Жүктілік кезіндегі әйел ағзасындағы гормоналды өзгерістер қабыну мен қызыл иектің қанауын тудыруы мүмкін. Жүкті әйелдің тісіндегі инфекциялар ұрыққа теріс әсер етіп, түсік тастауға себеп болуы мүмкін. Пародонт аурулары ерте босану қаупін 7 есеге арттырады!
Аурудан ауру тудырып алмас үшін тіс денсаулығына бей-жай қарамауға шақырамыз. Тісті қалай мұқият күту керектігі жайлы мына мақаладан оқи аласыздар.
Сурет: www.medweb.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина
Оқи отырыңыз:
Тіс тасын үй жағдайында тазалау
Тіс сезімталдығы жоғары болса...
Тісті қорғау – денсаулық кепілі