- Негізгі бет
- Денсаулық
- Тибет жаңалығы: Мұздардың...
Тибет жаңалығы: Мұздардың еруінен Жер бетінде жаңа вирустар таралады
Ғаламдық жылыну салдарынан мәңгілік мұздықтардың еруі тұщы судың азаюы сияқты түрлі апаттар тудырып жатқаны белгілі. Ғалымдар мұздардың еруі адам денсаулығына зиян келтіретін ауруларды да таратады деген болжамға келген.
Мысалы, адамзат бұрын ешқашан ауырып көрмеген вирустардың таралуы. Тибет тауларындағы мұздарды зерттеген АҚШ пен Қытай ғалымдары осылай деп мәлімдеп, дабыл қағып жатыр.
2015 жылы Тибетте ғалымдар шамамен 15 мың жыл бұрын пайда болған мұздықтардан сынама алған. 50 метр тереңдіктен алынған үлгілер мұқият тексеріліп, 5 жылдан кейін зерттеу нәтижелері жарияланды.
Анықталғандай, ежелгі мұз үлгілерінде вирустардың 33 тобы болған, олардың ішінде микробиологтар 28 жаңа вирус тобын ашқан. Яғни, Тибет тауларындағы мұз қабаттарында планетада бұрын кездеспеген вирустар бар және адамзат олармен бұрын ешқашан ауырмаған.
Бұл жаңалық Жер бетіндегі басқа мұздықтарда да бұрын белгісіз болған вирустар болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды.
“Бүгінгі таңда планетаның барлық құрлығындағы, соның ішінде Гренландия мен Антарктидадағы мұздықтардың азаюы вирустың таралуына әкеліп соғуы мүмкін” дейді зерттеушілер.
Жаңа вирустар мен микробтардың пайда болуы, әрине, микробиологтардың ғаламшардағы тіршілік туралы білімін толықтырады, бірақ бұл адамзат үшін қауіпті.
Қытайдағы коронавирус сияқты жаңа вирустар пайда болып тұрады. Кейде олар адам ағзасына жабайы жануарлармен, кейде су мен тамақ арқылы беріледі. Тибетте табылған жаңа вирустардың қаншалықты қауіпті екенін ешкім білмейді. Дегенмен, мұндай зерттеулер біздің өркениетіміздің болашағы үшін өте маңызды, сондықтан мамандар планетадағы басқа мұздықтарды зерттей отырып, патогендік микроорганизмдер туралы мәліметтер базасын толтыруды жалғастырып жатыр.
Т. Раушанұлы