- Негізгі бет
- Денсаулық
- Таза судың ...
Таза судың құндылығы жайында
Бүгінгі күні ерте кезде өмір сүрген адамдар суды өзеннен алып, сүзгіден өткізбей ішті дегенді елестету мүмкін емес. Ерте кезде өмір сүрген адамдар өзен суын қасиетті деп санаған, оны таза судың бастауы деп білген. Таза су адамдар үшін өте бағалы және қажет, бірақ ХХІ ғасырда оның көлемі азайып бара жатыр.
Жердің 70%-ы су болғанымен, 1%-ы ғана ішуге жарамды. Ғаламшар экологиясының күрт өзгеруі, ғаламдық жылыну құбылысы, өзендер мен көлдердің ластануы таза судың толық сипатының сақталмауына алып келеді. Өзінің денсаулығын ойлайтын адам таза суды ғана пайдаланғысы келеді. Күніне 8 стақан су ішу керек, себебі, су көптеген жасушалардың негізі болып табылады. Су ағзадағы зат алмасу үдерісін қалпына келтіреді, жүрек-тамыр жүйесінің жұмысына көмектеседі, иммунитетті күшейтеді және ағзаны шаршау мен күйзелістен қорғайды. Ағзадағы судың жетіспеушілігі терінің қартаюына алып келеді. Суды қажет мөлшерде қолдану – денсаулық пен әдеміліктің негізі.
Судың барлығының пайдасы бірдей емес. Теңдестірілген минералды құрамы бар су таңдау керек. Бұл – адам ағзасына қажет және жағымды сергітетін дәмі бар элементтер жиынтығы. Су құрамындағы кальций сүйек пен тісті бекітеді, магний бұлшық еттердегі қысымды және жүйке күйзелісін азайтады, калий жүрек бұлшық етінің белсенділігін күшейтеді.
Денсаулық сақтау қаншалықты маңызды болса, сыртқы келбеттің әдемі болуы да соншалықты маңызды. Жинақы сымбат, әдемі тері және сау шаш – табысқа жету жолындағы негізгі белгілер болып табылады. Ағзадағы су жеткілікті болса, артық салмақ болмайды. Шаш пен бет терісін күтуде таза суды пайдаланған жөн. Су құрамында бар ауыр металдар теріге кері әсерін тигізеді.
Қазіргі таңда таза су әрқашан қолжетімді болу үшін, суды жылытатын, суытатын және құйып алуға ыңғайлы етіп жасалған "кулер" деп аталатын аппарат бар. Кулер металдан, ағаштан және пластиктен жасалуы мүмкін. Интерьерге сәйкес кулердің әр түрлі дизайндағы үлгілері бар. Таза су ішу әрқашан пайдалы болған, сонымен қатар, қазір ол ыңғайлы және сәнге сәйкес болып отыр.
Дайындаған: Гүлнұр Бақытбекова
Сурет: cyberland.ws, liveintemet.ru
Г. Бакытбекова