- Негізгі бет
- Денсаулық
- Таңертең мұрын бітелуінің...
Таңертең мұрын бітелуінің 10 себебі
Таңертең күніңіздің мұрын бітелумен басталғаны қиын. Оның себептері көп. Егер тұмауратпаған болсаңыз, мұрныңыз не үшін бітелуі мүмкін?
Темекі тарту
Темекі тарту кезінде жұтатын түтін мұрын шырыштысын құрғатып жіберуі және тыныс алу жолдарының созылмалы қабынуын шақыруы мүмкін. Бұл таңертең мұрныңыз бітеліп оянуыңызға әкеледі. Темекіден бас тарту уақыт өте бұл проблемадан арылуға көмектеседі және осы зинды әдетпен байланысты көптеген қауіптердің алдын алады.
Аллергия
Аллергиялық ринит кезінде жиі таңертең мұрын бітеледі. Ол мұрынның шырышты қабықшасының қабынуынан және шырыштың көп бөлінуінен пайда болады. Түнде мұрын бітелуін шақыратын кең тараған аллергендерге тозаң, зең және шаң жатады. Әдетте, бұл жағдайда дәрігер антигистаминдік препараттар, мұрын шаю, аллергияға қарсы тамшылар немесе спрейлер береді.
Қоршаған орта
Қоршаған орта да мұрын бітелуінің себебі бола алады. Мысалы, бөлмедегі ауа өте құрғақ немесе керісінше, ылғал. Адамдар жиі жылдың өте салқын немесе өте ыстық мерзімінде мұрын бітелуімен қиналады. Бұл жағдайда сәйкес шаралар қолдану маңызды: ыстық күндері ауа ылғалдандырғышты қосып және терезелерді ашып ұйықтау, ал суықта — жылынуға тырысу.
Тамшыларды көп қолдану
Тамшыларды өте көп қолданғаннан пайда болатын ринитті өздігінен ықпалдандырылған деп атайды. Тұмау кезінде жиі пайдаланатын рецептісіз берілетін спрейлер мен тамшылар тәуелділікке әкеледі. Бірақ оларды шамадан тыс көп қолдану мұрынның шырышты қабықшасын жұқартып жібереді. Ал бұл оны бітелуге бейім етеді.
Полип
Мұрын полиптері— ауырмайтын кішкене тіндердің түзілуі. Бірақ олар тыныс алуды қиындатады және мұрын бітелуінің себебі бола алады. Бұл кезде тамыр тарылтқыш тамшылар көмектеспейді. Полиптің басқа белгілері тұмаудікіне ұқсайды: дәм және иісті дұрыс сезбеу, жұтына бергісі келу немесе тамағының ауыруы. Кейде мұрын қанайды және қорылдай бастайды. Полипті екі әдіспен емдейді: дәрігер өсінділерді кішірейтетін тамшылар береді немесе оларды кесіп тастау үшін ота жасату ұсынылады.
Дәрілер ішу
Тамшылардан басқа өте жиі қолданылатын кей дәрілер мұрын бітелуінің себебі бола алады. Мысалы, артериялық қысымды түсіруге арналған препараттар. Сондай-ақ антидепрессанттар мен тырысуға қарсы препараттар да осыған ұқсас әсер береді.
Кеңсіріктің қисаюы
Кеңсіріктің қисайғаны сырттан қарағанда білінбеуі мүмкін. Бірақ ол көптеген проблемалар, соның ішінде мұрын бітелуін әкеледі. Ол әдетте бет зақымын алғаннан кейін пайда болады.
Жүктілік
Шамамен бес жүкті әйелдің біреуі созылмалы мұрын бітелуіне шалдығады. Оларда бұл түнде және таңертең пайда болады. Бұл гормондар деңгейінің өзгеруінен болуы мүмкін. Сондай-ақ ол аллергия немесе қышқылды рефлюкс себебінен де пайда болады.
Қышқылды рефлюкс
Қышқылды рефлюкс те мұрын бітелуіне әкеледі. Ғалымдардың ойынша, тамаққа түсетін асқазан сөлі қабынуды шақырады. Ол мұрынның шырышты қабықшасына өтеді. Ол мұрын бітелуі түрінде білінеді және бұл кезде қайта-қайта жөтелгіңіз келеді. Рефлюкс белгілері жатқан кезде асқынатындықтан, мұрын түнде және таңертең бітеледі. Дәрігерлер ұйықтағанда жастықты көтеріп қоюды, ұйықтарға үш сағат қалғанда тамақ жемеуді және рефлюксті асқындыратын өнімдері жоқ диета сақтауды ұсынады.
Шалқасынан ұйықтау
Түнде және таңертең мұрны бітелетін тек қышқылды рефлюксі бар адамдар ғана емес. Шалқасынан ұйықтағанды жақсы көретіндердің де мұрны бітеледі. Мұндай дене күйінде шырыштыларға әдеттегіден көбірек қан құйылады. Мұндай артық күш шырыштың көп жиналып қалуын ынталандырады. Ең жақсы шешім — жастықты сәл көтеріп, өзіңізді бір қырымен жатуға үйрету.
А. Жапатова