Тамақ ауруының тұмаудан басқа 5 себебі

Тамақ ауруының тұмаудан басқа 5 себебі
Фото: create.vista.com

Тамақтың ауруы — тұмаудың кең тараған белгісі. Алайда ол басқа жағдайларда да пайда болуы мүмкін. Оны емдеу пайда болу себебіне байланысты әртүрлі болады. Сондықтан емді бастамас бұрын дәрігерге көрінген абзал. Бұл материалда тамақ ауыруының бірнеше себебін жинадық.

Тонзиллит
Бұл ауру кезінде тамақ бездері қабынып, ісіп кетеді. Сол үшін тамақты әрең жұтасыз. Егер ауруды тамақтың тек бір жағынан сезсеңіз, ол бір бездің зақымданғанын білдіреді. Сондай-ақ бұл ауру кезінде тамақтың артқы жағында ақ өңез немесе дақ пайда болуы мүмкін.

Тонзиллит ересектерге қарағанда балаларда жиі кездеседі және көп жағдайда вирустар себебінен пайда болады. Әдетте, дәрігер тонзиллиттен арылу үшін антибиотик жазып береді. Сондай-ақ дәрігер тамақ ауруын жеңілдету үшін тамақ шаю, ауаны ылғалдандыру, дәрі сору және көп су ішу секілді шараларды орындауды ұсынуы мүмкін.

Жаралар
Тамақтың артқы жағында және бездердің жанында пайда болған кішкентай жаралар тамақ жеу немесе сөйлеу кезіндегі тамақ ауыруының себебі болу мүмкін. Мұндай жаралар жарақаттанудан, минералды заттар мен дәрумендердің жетіспеуінен (мысалы: В12, фолий қышқылы және темір) және өте ащы немесе қышқыл тамақ жегеннен пайда болады. Сондай-ақ жаралар дұрыс емес (әсіресе, құрамында натрий лаурилсульфаты көп) тіс пастасынан пайда болуы да мүмкін. Жараларды емдеу үшін дәрігер тамақтың ауырғанын басатын және оны ылғалдандыратын құралдар мен процедуралар жазып береді.

Аллергия
Аллергияның кей түрлерінде мұрын бітелетінін білеміз. Мұндай кезде мұрындағы сұйықтық тамақтың артқы жағымен ағып, оны тітіркендіретін жағдайға жетуі мүмкін. Сол үшін тамақ ауырады. Сондай-ақ аллергия кезінде жиі құрғақ жөтел мен түшкіру пайда болады. Тамақтағы аллергиялық ауырудан арылу үшін ағзаның не нәрсеге осылай әсер беріп тұрғанын анықтау қажет. Содан соң оны рационан немесе қоршаған ортадан алып тастап, дәрігер жазып берген аллергияға қарсы дәрілер курсын қабылдау керек.

Ларингит
Дауыс желбезегі қабынған жағдайды ларингит деп атайды. Ереже бойынша, оның пайда болуына бактериялық немесе вирустық жұқпалар әсер етеді. Сондай-ақ ол сусыздану немесе құрғақ жөтел себебінен туындауы мүмкін.

Ларингиттің басты ерекшелігі — дауыстың өзгеруі немесе оның жоғалып кетуі. Бұл кезде сөйлеу және тамақты жұту қиынға соғады. Тамақ құрғағандықтан және жыбырлағандықтан, қайта-қайта су ішкіңіз келе береді.

Әдетте, ларингит екі апта шамасында кетеді. Бұл процесті жылдамдату үшін көп жылы сұйықтық пен жөтелге қарсы дәрілер ішу керек және бөлме ауасының жеткілікті ылғал болуын қадағалау қажет.

Темекі тарту
Темекі тарту оның түрлеріне қарамастан тамақ ауруының себебі бола алады. Сондай-ақ темекі тартуды тастаған адамдар да тамақтың ауыруын немесе қышуын сезуі мүмкін. Бұл қалыпты жағдай: ағза қабынуды шақыратын у мен уыттардан арылып жатыр. Одан көп су ішу және тамақты тыныштандыратын дәрілер сору арқылы арылуға болады.

А. Жапатова