- Негізгі бет
- Денсаулық
- Тамақ ауруының негізгі...
Тамақ ауруының негізгі себептері
Қазіргідей ауа райы салқын күндері тамақтың қабынуы жиі кездеседі. Емделіп енді жазылсаңыз, 2-3 күнде қайта ауруы мүмкін. Тамақ ауруын жанды аурулардың бірі деуге болады. Сондықтан тамақ ауруының негізгі себептері мен емделу жолдарын назарларыңызға ұсынамыз.
Тамақ қабынуын басатын ем түрі көп. Бүгінде дәріханаларда неше түрлі дәрілер бар, алайда олардың кез келгенін пайдалану тамақтың ауруын басқанмен, жалпы денсаулығыңызға зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан дәрігерге көрініп, өз жай-күйіңізге лайықтысын, қолайлысын ғана қабылдағаныңыз дұрыс. Ауру сезімін басуға көбіне ацетаминофен, ибупрофен сияқты дәрілерде қолданады. Тұмауратып, салқын тиіп немесе қызылша, қызамық сияқты инфекциялық кеселдермен ауырып, дене қызуы көтеріліп жүрген бөбектер мен жеткіншіктерге аспирин ішкізуге болмайды. Мұндайда сырқаттың ауыр, өмірге тікелей қатерлі неврологиялық дертке ұласып кетуі мүмкін.
Негізгі себептері:
— Ылғалды салқын ауамен ауыз арқылы тыныстау;
— Шылым шегу немесе біреудің тартқан темекісінің түтінін жұту;
— Химиялық қоспалар араласқан ауамен демалу;
— Асқазан қышқылының өңешке келуі, баспа (ангина) т.б. инфекциялар.
Емдік шаралары
1. Тамағыңызды тұзды сумен шайыңыз. Бұл ауруды басады. Ол үшін бір стақан суға 1 шай қасық тұзды салып ерітесіз.
2. Бөлмедегі ауа құрғап кетпесін. Үйіңізге ауа ылғалдандырғыш қондырғы алыңыз. Бұл әсіресе жылу жүйесі іске қосылған қыс мезгілінде өте пайдалы. Өйткені жылу ауаны құрғатып жібереді де, тыныс жолыңызда, тамақтың шырышты қабығында қабыну туғызады. Оның үстіне құрғақ ауамен демалу тамақтың ауруын одан әрі асқындыруы ықтимал.
3. Темекі түтінінен қашыңыз. Тамағыңыз ауырды дегенше, темекі шегесіз бе, шекпейсіз бе, шылымның түтінінен қашыңыз. Себебі олар тыныс жүйеңізді қабынуға ұшыратады. Никотин тамақты жай қабындырып қана қоймай, қатерлі ісікке айналдырып жіберуі ғажап емес.
4. Суды көбірек ішіңіз. Тәніңізде неғұрлым су мол болса, тамағыңыз соғұрлым сирек ауыратын болады. Қыста шайды көп ішкеннің зияны жоқ. Қою тамақтың алдында 1 кесе және түнгі ұйқының алдында 1 кесе су ішуді әдетке айналдырыңыз.
5. Мұрынмен демалыңыз. Мұрын бітеліп, ауызбен демалу тамақты құрғатып, қабынуға алып келеді. Сол себепті тамағыңыз сау болсын десеңіз, алдымен мұрынның саулығын қамтамасыз етіңіз. Тұмауратсаңыз тез арада асқындырмай, емделіңіз.
6. Жұмсартқыш, тыныштандырғыш ем-дом қолданңыз. Қабынған тамақты жұмсартып, ауруын таратуға бал қосылған шай бірден-бір ем. Сонымен қатар алтей өсімдігінің тамырынан қайнатылған шай да бұл мақсатта аса шипалы. Алтейдің тамырын дәріханадан алуға болады.
7. Емге ұқыпты қараңыз. Антибиотик қабылдаған 2-3 күннің ішінде-ақ сырқаттан айығып кеткендей болсаңыз да, емді белгіленген курсына дейін тоқтатпаңыз (әдетте емнің бір курсы 10 күн). Инфекциядан ұқыпты емделмесеңіз, сырқат жүрекке шабады. Тамағыңыз ұдайы ауыра берген жағдайда міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз.
Есіңізде болсын
Тамақтың ауруына стрептококк инфекциясы да себепкер болады. Оның белгілері тамақ ауырады, дене қызуы көтеріледі, бадам бездер ақтаңдақтанады. Жұтыну қияндап, мойындағы лимфа түйіндері ұлғаяды. Бұл стрептококк инфекциясын вирусты инфекциядан ажырату оңай емес. Бұл тек зертханалық жолмен ғана анықталады. Атап айтқанда, сырқаттың қаны мен тамағынан алынған шырышты жұғын сараптамадан өткізіледі. Шырышты жұғын ауру қоздырғыштары бірден білінбей, оған бірнеше сараптама жасауға тура келеді.
Н. Үсенова